Ауыз бекіткенде тіс пастасын қолдануға бола ма?
560
Жауап: Ораза ұстаған адам ауызын тазалауына болады. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аузы берік кісінің тіс тазалағышы ол – мисуак», [1] - деген.
Десе де, шариғатта аузы берік кезде себепсіз бір нәрсенің дәмін тату не шайнау – мәкрүһ, яғни ұнамсыз іс [2]. Бұған байланысты кей ғалымдар тіс пастасын қолданарда ішке кетіп қалмауын қадағалағанмен, оның дәмі, бәрібір, ауыз қуысында ұзаққа сақталып қалады. Сондықтан ораза ұстаған адамға тіс пастасы да мәкрүһ деген пікірде [3].
Алайда «оны қолдануға рұқсат. Тек ішке кетіп қалмауына көңіл бөлсін» деген ғалымдар да жоқ емес [4].
Ендеше, ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан, аузы берік кезде тіс пастасын қолданбаған абзал. Ал, қолданғысы келген кісілер, ішке кетіп қалмау жағын қатаң ескергені жөн. Себебі, ол ішке кетіп қалса, оразаны бұзады.
[1] Ибн Мәжә
[2] М.Исаұлы. Қ.Жолдыбайұлы, Ғылымхал - 319 бет.
[3] Таһмаз, Әл Фиқһул Ханафи – 1/422-424 бет.
[4] У.Зухайли, Фатауа муғасыра – 34 бет.