Таң 06:03 Күн 07:36 Бесін 12:05 Екінті 14:37 Ақшам 16:24 Құптан 17:57

ПІТІР САДАҚА ҮКІМІ

1955

ПІТІР САДАҚА ҮКІМІ

Пітір садақа мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы жария етілді. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, бұл садақа кісі басына берілетін болды. Алла Тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар).  Касир ибн Абдулладан, әкесінен, атасынан жеткен хадисте: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят туралы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген» (Ибн Хузәймә).

Пітір садақаның мақсаты не?

Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.

Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал  намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).

 

Кімдерге беру міндет?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 127 мың теңге деп бекітілді.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

 

Пітір садақа қалай есептеледі?

Пітір садақа 2 келі бидай (ұн, талқан т.б.) не мейізбен, немесе 4 келі құрма не арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/210-211).

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа берді. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, хадистегі «бір сағ» өлшем бірлігі – 4 келі, «жарты сағ» 2 келі деп бекітілді.

Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4000 теңге) немесе 4 келі құрмамен (9400 теңге) бергені жақсырақ.

 

Қай уақытта беріледі?

Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.

 

Кімдерге берілуі тиіс?

Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға берсе құба-құп.

Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/252).

Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары