Ораза және Құран
528 islam.kz
«Адам баласына тура жол көрсетіп, ақ пен қараны бір-бірінен айыратын дәлел ретінде Рамазан айында Құран түсірілді» (Бақара, 185).
Құран Рамазан айында түскендіктен біз де сол Құранның түскенін тағатсыздана күтуге, оны аса бір ілтипат, ерекше бір құрметпен қарсы алып, сол айда барша пендешіліктер мен жаман қылықтардан арылуға, барлық бос тірліктерден бойды аулақ салып, дәл бір періштелердей пәктікті күтінуге тиіспіз. Құранды жаңа түскен күйіндегідей аса бір ыждағаттылықпен, тың құлшыныс-ынтамен оқуымыз керек. Құрандағы иләһи бұйрықтарға тап осы қазір айтылып жатқандай құлақ асып, оны Пайғамбардың (с.а.у.) тіке өзінен естігендей ерекше толқыныспен тыңдап, тіпті Жәбрейіл періште әкелген күйді бастан кешіп, арысы Алла Тағаланың өзінен тыңдағандай әсерге бөленуіміз керек. Біз сонда ғана қасиетті шыңға өрмелегендей күй кешеміз. Осы айда адам баласы өзіне түскен Құранның сырларын етене тани түсу керек.
Иә, Рамазан айының берекеті сол жер бетіндегі күллі Ислам әлемі тұтастай бір үлкен мешітке айналады. Ол мешіттің ерекшелігі ішінде миллиондаған Құранды жатқа оқитын хафыздар көктен түскен ұлы хабар мен әмірге толы Құран Кәрімді жұртқа жариялап жар салып жатады. Әрбір Рамазан айы: «Рамазан айы сондай ай - ол айда Құран түсірілген» (Бақара, 158) аятының нұрлы шуағын паш етеді. Рамазанның Құран айы екендігін айшықтап аша түседі. Сол үлкен жамағаттың кей мүшелері аса бір ықыласпен Құран оқыған хафыздарды тыңдаса, кейбіреуі қасиетті кәламды өз беттерінше оқиды. Сондай бір қасиет дарыған мешітте нәпсінің қалауынан аса алмай елден дараланып тамақ жеу я болмаса ысырылып шығып кету сүттей ұйыған ұйымшылдықты бұзатын қаншалықты жағымсыз әрекет болса, Рамазан айында ораза ұстағандарға да тыжырына қарағандар Ислам әлеміндегі рухани ұйымшылдықты ірітетін соншалықты жағымсыз қылық болып табылады.
"Құлшылық құпиясы" кітабынан
Құран Рамазан айында түскендіктен біз де сол Құранның түскенін тағатсыздана күтуге, оны аса бір ілтипат, ерекше бір құрметпен қарсы алып, сол айда барша пендешіліктер мен жаман қылықтардан арылуға, барлық бос тірліктерден бойды аулақ салып, дәл бір періштелердей пәктікті күтінуге тиіспіз.