ОРАЗА – ҚАЛҚАН
2379 Нұрбек Есмағанбет
Рамазан оразасының адамзат үшін тозақтан қалқан болар амал екендігін жеткізу мақсатында төмендегі мәліметтерді ұсынамын.
Оразаның руханияттағы орны
Біріншіден, ораза – Ислам шарттарына жататын бес парыздың бірі. Екіншіден, иманның төрттен бірі. Бұл сөзіме Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «Ораза – сабырлықтың жартысы» (Термизи) және «Иман екіге бөлінеді: жартысы – сабыр, жартысы – шүкір» (Муслим) мәтінінде жеткен хадистері негіз бола алады... Шынында математикалық есепке салар болсақ: ораза – Х1, сабырлық – Х2, иман – Х3 → ꞊ ораза иманның төрттен бір бөлігіне тең екені белгілі блады.
Оразаның басқа құлшылықтардан ерекшелігі
Рамазан оразасының мәртебесі өте жоғары болуының сыры оның сауабының санына ешкім жете алмайды. Себебі Алла Тағала Қудси хадисте: «Оразадан басқа барлық жақсы амалдың сауабы он еседен жеті жүз есеге дейін артады. Өйткені ораза Мен үшін атқарылды. Ендеше оның сауабын Мен беремін» (Муслим) деген. Шынында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шынында сабыр еткендер сауаптырын есепсіз (мол) алады» («Зумар» сүресі, 10-аят) деген. Құлшылықтар ішінде сабырды сынайтын амал ораза екені айдан анық. Демек оразаны лайықты түрде тұтсақ, сансыз сауапқа кенелеріміз анық.
Ораза – құлшылықтар есігі
Көптеген адамдар тақуалық жолына рамазан айында ораза ұстау арқылы келіп жатады. Логикалық тұрғыдан бұның бірінші әсері Рамазан айында шайтанның адамды азғыру, тура жолдан тайдыру есігі жабылғандықтан дер едік. Бұл мәселеге алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз. Ал негізгі себебіне келер болсақ, Алла елшісі: «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ал құлшылықтар есігі – ораза» (Ибн Мәжа) деген. Шынында ораза – бес парыздың ішінде сабырлықты аса талап ететін, кәффараты (құлшылық нормасын әдейі бұзған жағдайда орнын толтыру) ең ауыр құлшылық. Сондықтан да, ораза құлшылығына төзімділік танытқан адамға басқа құлшылықтар оразаға қарағанда жеңіл тимек.
Ораза ұстаған адамның ұйқысы – құлшылық
Шынында бұл мағынада «Ораза ұстаған адамның ұйқысы да құлшылық» (Муснад Ибн Аби Ауфа) деген хадис бар. Ауыз бекіту бүгінде таңғы 4:00 мен 4:30 аралығында болып жатыр. Осыған орай көпшілік сәресіне дейін ұйқысыз күтіп, таң ертең жұмысқа кешігіп немесе ұйқысы кешке дейін жалғасып жатады. Сонымен бұл ұйқыны адамдар құлшылыққа балауы мүмкін. Бұл жағдайда Құран Кәрімнің: «Түнді сіздерге жамылғы еттік, Күндізді тіршілікке бекіттік» деген аяттарын ескеруіміз қажет. Сол үшін түнгі мезгілде ұйықтап, күндізді тіршілікпен әрі құлшылықпен өткізген жағдайда түнгі ұйқымыз күндіз жасалатын құлшылығымызға сергектік сыйлау арқылы құлшылыққа айналмақ.
Сахабалар Рамазанның түнін ұйқысыз өткізуді кеңес еткен. Алайда күндізін ұйқымен өткізбеген. Олардың көздері түнде ұйықтамағаннан қызарып кеткен. Сонда «Неге көзіңіз қызарып кеткен?» деген сұраққа «түнде ұйқтамаған едім» деп емес, «көзім ауырып қалып еді» деп жауап бергені кей деректерде айтылады.
Ораза жәннаттың есігін қағады
Ораза ұстаған адам жәннаттың есігін қаққан адаммен тең. Сол себепті де Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша (оған Алла оған риза болғай) анамызға: «Жәннәттің есігін қағуыңды тоқтатпа», – дегенде Айша анамыз: «Қалай қағамын», – дейді. Сонда Алла елшісі: «Аштықпен (қақ)», – деген екен (Ихиа улум ад-дин).
Бұл хадис біздің әрбір ұстаған оразамыздағы ашығуымыз жәннаттың есігін қаққанымызбен тең екенін айқындауда.
Неге Алла «Ораза Мен үшін» деді?
Шынында ораза жайлы хадистерде «Ораза Мен үшін. Әрі оның сауабын Мен (белгілеймін) беремін» деген мағынадағы мәтін қайталанады. Бұның сыры неде? Адамның ғибадатын талдар болсақ, намазды оқығаныңыз не оқымағаныңыз айналаңыздағы адамдарға белгілі. Сол сияқты басқа құлшылықтар да куә болған адамға көрнеу болып тұрады. Ал оразаның жайы басқа. Оразада аштық пен шөлге төзімділік танытқаныңыз өзгелерге сезілмек түгілі көрінбейді де. Сондықтан оразадағы ықыласыңызды өзгелерге қаншалықты түсіндіріп суреттегеніңізбен тек Алла мен сіздің араңызда ғана ақиқи көрініс табады. Бұл дегеніміз Алладан басқаға көрсете алмайтын жалғыз құлшылығыңыз – ол ораза екенін айқындайды.
Ораза шайтанның жолын қалай байлайды?
Хадистерден байқасақ, бұл айда шайтан кісенделеді. Алла елшісі бір сөзінде: «Рамазан айы кіргенде жәннат есіктері ашылып, Тозақ есіктері жабылады және шайтандар шынжырланады», – дейді (Бұхари, Муслим). Рамазан айында адамдар күнәні барынша аз жасайтыны анық. Алайда бұл тек ораза ұстаған адамдарға ғана қатысты. Ораза ұстамаған жандар басқа уақытта істеп жүрген күнәсын жасауды жалғастыра береді. Бұл жерде екі түрлі ой туындайды: 1) күнә жасаушы адам шайтанның қатысынсыз-ақ күнә жасай беруге бейім; 2) шайтан Рамазан айында кісенделмейді немесе кейбіреулері ғана кісенделеді. Бұл мәселенің нүктесін қою үшін мына хадиске назар аударайық: «Расында шайтан адам баласының қан тамырымен жүреді. Ендеше шайтанның жолын аштықпен тарылтыңдар» (Бұхари) делінген. Оның үстіне Имам Бұхаридің сахихтеріне жасалған Ибн Хаджар әл-Асқаланийдің жоғарыдағы хадиске түсініктемесінде: «Шайтандар барлығы дерлік кісенделмейді, кейбірі ғана кісенделеді» (Фатх ал-Барий) деп жазылған. Демек біз шайтанның азғыруынан толықтай қорғаулы емеспіз. Оның азғыруынан ораза арқылы қорғануға болады. Оны кісендейтін сіздің оразаңыз.
Ораза ұстағанға арнайы жәннат беріледі
Ораза ұстаған адамның ең көп тататын қиындығы – шөл. Ашыққаннан емес шөл қысқаннан көп адамдар қиналып жатады. Алла Тағала оразадағы шөлдеген құлдарына Райян жәннатын нәсіп еткен. Бұл есіктен тек ораза ұстаған адамдар ғана кіреді. Дәлел ретінде Алла елшісінің: «Жәннәттің сегіз есігі бар. Олардың қатарында Райян атты есік бар. Ол есіктен тек ораза ұстағандар кіреді» (Бұхари) деген хадисі келтірілген. Райян сөзінің мағынасы «шөлі қанған» дегенді білдіреді. Сондықтан да Райян осы дүниеде Алла үшін ораза ұстап, шөлдеген адамға тиесілі болмақ.
Тозақтан қалқан болады
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Ораза – қалқан. Құл оны тозақтан қорғануға қолданады» (Ахмад, Насаи, ат-Табарани) дейді. Шынында жоғарыда айтылған мәселелерді сақтай отырып, оразаны ықыласты түрде өтер болсақ, ұстаған оразамыз бізді тозақтан құтқарады.
Қорыта айтқанда, Ораза адамды жақсылыққа тәрбиелейді. Және құлшылықтың есігі бола алады. Аллаға деген ықыласыңды көбейтіп, шайтаннан алыстатады. Алладан басқаға көрсете алмайтын жалғыз құлшылығыңыз – ораза. Сондықтан да ораза Райян жәннатына кіруге себеп болып, тозақтан қалқан болады. Қалқан болуының дәлелін Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оразаның тозақтан қалқан болуының мысалы, ораза сізге біреумен төбелесуден қалқан болғанындай» (Ахмет) деп айқындап берді.
Ораза мұсылманның Раббысы разылығы үшін бағыттаған жүректегі ықылас-ниетін сырт көзге білдірмей одан әрі түзеуіне, шыңдай түсуіне жол ашады. Алла Тағала баршамызды оразаны шын ықыласпен лайықты түрде атқарып шығуымызды нәсіп етсін! Оразамызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын!
Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,
Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі