Таң 06:18 Күн 07:54 Бесін 12:09 Екінті 14:28 Ақшам 16:14 Құптан 17:50

МЕН НАМАЗ ОҚЫМАЙМЫН...

378

МЕН НАМАЗ ОҚЫМАЙМЫН...

Рамазан айы кірген кезде кейбір жандар екіұшты ойда жүрулері бек мүмкін. Мен намаз оқымаймын, оразам қабыл бола ма, болмай ма? Ораза тұтуымның мәні бар ма?

Өкінішке орай көптеген адамдар намаз оқымаса немесе өзге де парыздарды орындамаса, ораза да ұстай алмайтынын айтып жатады. «Намаз бастаған соң бірақ ұстаймын», «Жұмысым ауыр, бәрібір жетістіріп ұстай алмаймын, олай болмайды ғой», «Ораза ұстаған соң көп дүниеден бас тартуға тура келеді, бұл айдағы жоспарым мүлде басқа еді», «Рамазанда ораза ұстау үшін оған дайын болу керек қой, мен дайын емеспін», «Екіжүзді болғым келмейді..».

Бір қарағанда бұл сөздердің барлығы дұрыс болып көрінеді, алайда Рамазан – ішіп-жеуден ғана емес, күнәлі, бейәдеп саналатын барлық амалдардан тиылу. Бірақ небір сылтаулар ойлап тапқан пенде ең үлкен мүмкіндіктен мақұрым қалып жатқанын біле бермейді.

Әлбетте, намаз – кез келген мұсылманның құлшылық парызы, дегенмен ораза ұстау үшін намаз оқу міндетті шарт болып табылмайтынын ескеру қажет. Олай болса, намаз оқымайтын адамның оразасы да қабыл болмайды деу - қате сенім.

Күнәдан ада, кемел болу оңай емес, себебі адам баласы ғұмырында небір азғырулар мен қателіктерге толы жолдармен де жүреді.

Рамазан айы кез келген жанның өз өмірін сараптап, дұрыс жолды таңдауына берілген тамаша мүмкіндік болары сөзсіз. Әрине, тұтқан оразаңыз айна-қатесіз болмауы мүмкін, алайда ниетіңіздің тазалығы үшін Алла Тағаланың жәрдемі болары анық. Бір айдың ішінде өзгеріп кету оңай емес, тіпті бір жылдың ішінде өзгеру қиын. Бәлкім, ораза ұстау арқылы дініміздің әдемілігін танып кетуі де ғажап емес.

Ал алғашқы тұтқан ораза пайдалы болсын десек, оның шарттарымен танысып, ауызашарларға барып, мүмкіндігінше имани ортада жиі болу керек. Рамазан айында барлық адамдар әдеттегідей жұмыс істеп, оқып, күнделікті міндеттерін атқара береді, алайда осының барлығы өзгеше мәнге ие болады. Сондықтан да ораза ұстаған адам қандай да бір мүмкіндікті жіберіп алады деу қате, керісінше ол үлкен қазынаға, рухани тыныштық, бақыт пен сүйіспеншілікке кенеледі.