Тіліңе абай бол!
423 muftyat.kz
Дінімізде өте үлкен сауапты амал бар. Ол – тіліңді сақтау. Яғни, тілімізді Аллаға ұнамайтын, жағымсыз сөздерден сақтау, ондай сөздерден аулақ болу. Ғайбат, өсек, мазақ, біреуге тіл тигізу, тәлкек, келеке, келемеж, ажуа, өтірік, жалған анттар, сөгу, лағнет, қарғыс осының бәрінен тіліміз аман болуы керек.
﴿مَا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدٌ﴾
Әрбір екі тістің арасынан шыққан сөз амал дәптерімізге жазылуда. Бір сөз үшін жәннәттің биік дәрежелеріне қол жеткізесің, я болмаса тозақтың ең түбіне түсесің. Соны бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Бір ғана сөзіңмен не Алланың разылығы мен алғысына бөленесің не ашуы мен қарғысына ұшырайсың. Абдулла ибн Масғуд (Алла ол кісіден разы болсын) айтады: «Дүниеде абақтыға қамап ұстауға ең лайықты нәрсе ол – тіл». Біздің кемшілігіміз пайдалы болсын, пайдасыз болсын сөйлей береміз. Көшеде, үйде, дүкенде, ұялы телефонымызбен үздіксіз сөйлеудеміз. Бұл нәрсе мүлдем сөйлеуге болмайды деген сөз емес, алайда не жайлы сөйлеп жатырсың, не үшін сөйлеп жатырсың, мәселе сонда. Алла елшісі ﷺ: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» дейді. Омар ибн әл-Хаттаб Худайбияда Алла елшісі ﷺ мақұл көрмеген бір сөз айтып қойған болатын. Соны өзі баяндап: «Өмір бақи қандай да бір салихалы амал жасасам сол амалым Алла елшісіне ﷺ айтып қалған сол бір сөзімнің кәффараты (өтемі) болса екен деп үміт етемін» дейді. Мінеки, Омар бір айтып қалған сөзіне өмір бойы өкініп өтті.
Ендеше біз де сол ұлы тұлғалар ұқсап қалайша тілімізді сақтаймыз?! Ол үшін өзімізге шарт қойып көрсек болады. Мәселен, егер өсек, ғайбат айтып қалсам дереу оның өтемі ретінде 1000 теңге садақа беремін деп. Осы шартты орындаймын деп не тіліңді тыярсың не банкрот боласың. Бұл да жәй көмекші әдіс қана.
Халқымызда: «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген сөз бар. Біреуді жұмаққа кіргізетін де, тозаққа кіргізетін осы сөз. «Лә иләһә иллаллаһ» сөзі адамды Алланың рұқсатымен мәңгі жұмаққа кіргізсе, тура сол секілді Аллаға ұнамайтын сөз де тозақ отына жолдама болуы мүмкін. Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім маған екі жағы мен екі аяғының арасына кепілдік бере алса, мен оған жәннәттқа кепілдік беремін»,-деген. Ғұламалар бұл хадистегі екі жақтың арасындағы нәрсе тілі мен екі аяқтың арасындағы нәрсе ұятты мүшесі деп түсіндірген. «Он күнәнің тоғызы тілден екен»,-деген де сөз соған дәлел.
Алла тағала:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلاً سَدِيداً﴾
Күніне жиырма төрт сағат бар. Сол 24 сағатты тек қана жақсы сөзбен толтыратын болсақ өте үлкен сауапты іс болмақ. Тасбих тартып, зікір етіп, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, уақытымызды үнемдесек жәннәтқа қарай басқан қадам болмақ. Жиырма төрт сағат бойы тек қана Раббымызды разы қылатын сөз сөйлеуге жазсын!
[1] «Қаф» сүресі, 18-аят
[2] «әл-Ахзаб» сүресі, 70-аят