Әр істі сауапқа айналдыр!
483 muftyat.kz
Жүрекпен атқарылатын бір амал бар. Ол бар болғаны жүрегімізге әркез үңіліп, оны бақылауда ұстауымыз ғана. Ол – әрдайым ниетіңді дұрыстау. Сол арқылы сауапқа кенеле бересің.
Мәселен, баршамыз ұйықтаймыз, тамақтанамыз, сусын ішеміз, киім киеміз, үйден жұмысқа барамыз, базарлаймыз, дүкенге барамыз, туысқандарымызды аралаймыз бұның барлығы күнделікті жасайтын амалдарымыз емес пе? Осы нәрсенің барлығын құлшылыққа айналдырып жіберуге болады. Күнделікті атқарып жүрген істеріміздің барлығы Алланың алдында ғибадат болып кетуін қалаймыз ғой? Ұйқыңның өзі құлшылық болып, түгелімен сауапқа айналып кетуі әбден мүмкін, тамақтану арқылы сауапқа кенеле бересің, су ішсең сауап жинай бересің, тіпті киім кию арқылы сауабыңды арттыра беруіңе болады. Ол үшін ол істі бастамас бұрын Алланың разылығы деген ниет әзір болу керек. Яғни, ниетің әлемдердің Раббысы Алла тағаланың разылығы үшін болуы тиіс.
Шариғат амалдарды үкімі жағынан бірнеше түрге бөліп қарастырады, олар: уәжіб, харам, мустахаб, мәкруһ, мубах. Өміріміздегі көпшілік амалдар мубах[1] үкімінде. Дүниеде мубах амалдарды көптеп жасағаннан кейін сауаптан құр қалудамыз. Қаншалаған амалдарымыз сауапсыз кетіп жатыр.
Алла елшісі ﷺ мына бір оқиғаны біздерге баяндайды: «Дүние-мал берілген адамдар тек қана төрт түрлі халде болады: Біріншісін Алла тағала мал-дүние мен біліммен ризықтандырды, ол Раббысынан абайлап, қорқып, туыстық қарым-қатынасты үзбей, мал-дүниенің хақысын беруді біледі, міне осы ең абзал дәрежеде. Екіншісіне Алла тағала білім нәсіп етті, бірақ-та мал-дүниемен ризықтандырмады, алайда оның шынайы ниеті бар, ол былай деп айтады: «Егер менде мал-дүние болса ғой, мен міндетті түрде пәленшенің амалын істер едім», және оның ниеті рас, міне, осы екеуінің сауабы бірдей...». Яғни, Алла тағала бізге мал дүние бермесе де ниеттене беру қажет. Сол шынайы ниетіміз үшін мешіт салған, садақа берген, көпір салған, міскіндерді тамақтандырған адамның сауабын біз де толығымен ала аламыз! Тек қана ниетімізде шынайы болуымыз қажет.
Тамақтанған сәтімізде: «Раббым! Мына тамақтануым ертеңгі оразаны ұстау үшін немесе мына ауқаттануым сен бұйырған намаз бен басқа да құлшылықтарды орындау үшін, мешітке барып білім алуым үшін, науқас бауырым болса соны зиярат ету үшін, жаназаға қатыса алуым үшін, ата-анамның қызметінде болуым үшін, туысқандардың хақысын беру үшін»,-деп ниет етейік. Егер дұрыс тамақтанбасаң бұның барлығын жүзеге асыру қиын болып қалады. Сондықтан тамақтанудың өзін құлшылыққа айналдыруға болады.
Бала-шағаны, отбасымызға қажетті нәрселерді базардан алуымыздың өзі садақалардың ең абзалы бола алады, тек ниетіміз дұрыс болса болғаны. Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайлы: «Ең хайырлы садақа – өз отбасыңа берген садақаң». Әрбір жұмсаған теңгеңі Алла тағала сауап қылып жаза салады. Бір ғана шарты бар ол ниеттің дұрыстығы.
Бала-шағаңмен қыдыру, ойнау, көңіл көтеру де саған сауап болып жазылады, егер ниетің Алла разылығы болса. Себебі Алла елшісі ﷺ хадистерінің бірінде: «Сендердің жақсыларың – өз отбасына жақсы болғандарың»,-деген. Демек, қарапайым күнделікті істеріңмен Алланың разылығына кенеліп, мол сауаптарға қол жеткізуге болады екен! Міне, ислам діні қандай дін?! Ислам – кеңшілік пен мейірімге толы дін, ислам – екі дүниенің бақытына жетелейтін дін. Кім Аллаға қарай ұмтылса болғаны, Раббымыз оның жәннәтқа деген жолын жеп-жеңіл қылады. Әрбір істе, әрбір амалда ниетімізді дұрыстап, шынайылығымызды шыңдап әлемдердің Раббысының ризалығын алуға жазсын!
[1] Шариғат тыйым салмаған және бұйырмаған істер. Оны істегені үшін сауап алмайды және істемегені үшін жазаланбайды.