Таң 06:33 Күн 08:11 Бесін 12:18 Екінті 14:29 Ақшам 16:15 Құптан 17:53

Періштелердің алдында есіміңнің аталғанын қалайсың ба?

355 muftyat.kz

Періштелердің алдында есіміңнің аталғанын қалайсың ба?

Бүгінгі күніңіздің басым бөлігін жер бетіндегі Алланың үйлерінің бірінде өткізуге асығыңыз. Мүміннің жүрегі әрдайым мешітпен байланған. Ертеңгі Қияметтің ауыр күндері Алла тағала Өз саясына алатын жеті адамның бірі осы мешітпен жүрегі байланған жан болмақ. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 36-37 аяттарында:

«Осынау нұрға Алланың Өзі асқақтатқан әрі тұрғызылуына һәм ішінде атының аталуына Өзі рұқсат еткен үйлерде бөленуге болады. Ол үйлерде Оны ертелі-кеш: («Сен – мінсізсің, кемелсің», – деп) дәріптейтін. Сондай ер жігіттер бар, олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дәріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды. Олар жүректер күйден күйге еніп, астаң-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады», – делінген.

Міне, Раббымыз Өзінің аятында баяндағанындай оларды Алланы еске алудан дүниенің ешбір шұғыл істері алаңдатпайды. Мешітке келген сәтінде жаны рахатқа бөленіп, тыныштық табады. Жер бетіндегі орындардың Аллаға ең сүйіктісі – мешіттер. Мешіт – күллі тақуалардың үйі.

Алланың салихалы пенделері мешіттегі сұхбаттардан еш ажырамайтын. Егер дүние тарылғандай күйге түссе дереу мешітке келіп, құтылуға, тазаруға асығатын.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Екінті намазынан кейін мешіттен шығып кетеді де, Ақшам намазы сәтінде қайта оралғанда сахабалардың мешіттен әлі тарқамай отырғандарын көреді. Сонда олардан не үшін отырғандарын сұрайды.  Олар: «Бір намазды атқарып болып, келесі намазды күтіп отырмыз», – деп жауап береді. Ол (с.ғ.с.): «Аллаға серт етесіңдер ме, сендерді тек қана осы мақсат отырғызды ма?» – дейді. Олар: «Алла куә! Біз тек осы мақсатта ғана отырмыз», – дейді. Осылайша Алла елшісі (с.ғ.с.) олардан дәл осылай үш мәрте сұрады. Кейін, Ол (с.ғ.с.): «Сендерді куә етемін. Алла тағала сендермен періштелерінің алдында мақтан тұтты», – деп сүйіншілейді.

Алла тағала «Тәуба» сүресі, 18-аятында: «Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақиретке иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ, Алладан өзге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты түрде көркейте алады. Міне, солар тура жолдан таймауға, мақсат-мұраттарына жетуге үміт ете алады», – дейді.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) мешітінің тазалау жұмысын атқарып жүрген әйел кісі болатын. Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі әйелдің дүниеден озып кеткендігін естиді. Жерленіп қойылғанына екі күн өткендігін естіген кезінде қатты қиналады. Мені неге хабардар етпедіңдер? Мені оның қабіріне алып барыңдар, – дейді. Ол мешітпен жүрегі байланған адам. Ол мешітті тазалаушы еді ғой. Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі әйел кісінің қабіріне барып, ол үшін дұға етеді.

Мүмін адам мешіттегі намазын аяқтап, үйіне қарай бет алған кезінде жүрегі езіліп, мұңайып, Раббыма қауышатын келесі намаздың азаны қашан болады екен деп асығады екен.

Міне, бізге де қу нәпсімен күресіп мешітке баруды әдетке айналдыратын сәт туды. Егер осы амалды үздіксіз атқарып жүретін болсақ, біршама уақыттар өткеннен кейін жүректің мешітті сағынатынын, тіпті мешіттен шығар шықпастан сағынып қоя беретін дәрежеге жететін боламыз.

Алла тағала жүрегімізді мешітке байлап, сол арқылы дүние және ақиреттің бақытына жеткізсін!