Қаз Рус Qaz قاز
Таң 07:22 Күн 08:59 Бесін 13:11 Екінті 15:26 Ақшам 17:13 Құптан 18:49

ИҒТИКАФ

23/05/2019 719 0 Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

ИҒТИКАФ

Иғтикаф дегеніміз - жамағатпен намаз оқылатын мешітте оразалы күйде қонақтау демек. Қонақтау иғтикафтың іргелі шартынан болып табылады. Әйелдер өз үйіндегі намаз оқитын жерінде күтеді. Ғалымдарымыз иғтикафтың шарғи екендігіне ижмағ қылған яғни, бір ауыздан келіскен. Ең абзал иғтикаф жері Мәсжидул-харам, Мәсжидун-Нәби және Мәсжидул-Ақса одан соң кез келген барлық мешіттер. Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикафта отыру сүннет кифая болып саналады. Өйткені Әз Елші ﷺ Мәдинаға қоныс тепкен соң оны ешқашан қалдырмай үздіксіз атқарған мутауәәтир амалы. Оны ешқашан тастамауы аса маңыздылығын меңзейді. Осыған орай бұл Ардақты Елшіден ﷺ қалған бір дара сүннет болып табылады. Өкініштісі біз осы сүннетті кенжелетіп жүзеге асыру жағын әлі жандандыра қоймадық. Ал қасиетті Мәсжижул-харам мен Мәсжидун-нәбиге барып қонақтап келіп жатқан азаматтарымыз баршылық. Оған әркімнің мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан әр жердегі намазхандар өз қала, аудан һәм ауыл мешіттерінде иғтикафқа кіріп аяқтайтын мүмкіндігі бар екенін, біреу білсе біреу білмеуде. Бар өмірін оқшаулану арқылы үмбетке арнап жүрген тұлғалар болған, болады да. 

Иғикафтың тағы бір қысқа анықтамасы - шынайы ниет етіп «оқшаулану». Бұл пайғамбарлардан қалған мирас. Әз Елші ﷺ Хира үңгірінде бастап, Мәдинада қостады. Өзі дүниеден көшкеннен соң, әзиз жарлары жалғастырған болатын. «Оқшаулану» тұлға ретінде қалыптасуға таптырмайтын төте жол. Оған ораза қосылғанда нұр үстіне нұр болмақ. Иғтикаф шын жүрекпен орындалған жағдайда басқа ешбір амал одан тәттірек болмайтынын айтқан емес татқан біледі. Сыртқы әсерлерден жырақ қалу, жанның жайлауы. Жарықта кейде көп дүниеге кәдімгі кедергі болады. 

«Пайғамбарымыз ﷺ Рамазанның соңғы он күнінде Мәсжидун-нәбәуиде иътикафқа отыратын-ды. Тіпті деректерде мешіттің ішінде шатыр тігіп парыздан соң зікір, құлшылық және Құран оқу үшін осы шатырға кіретіндігі риуаят етіледі.

Мінекей осы сәттерде мынадай бір жағдай болағанын Әбу Зәрр жеткізеді: «Рамазанның соңғы он күні болғанда Алла елшісі ﷺ мешітте иътикафқа отырды. (Рамазанның) 22-сіне сәйкес келетін дүйсенбі күні екінті намазын өткізіп сосын былай деп хабарлама жасады: «Бүгін түнде намаз оқимыз, Алла жазса. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Бұл түн рамазанның 23-і болатын. Пайғамбарымыз ﷺ құптаннан кейін жамағатпен түннің үштен бірі болғанша намаз (тәһажжуд/тарауих) оқыды, сосын аяқтады. Сосын 24-і болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. Сосын 25-ін меңзеп, былай деді: «Алла жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Түннің үштен бірі болғанша намаз (тәһажжуд/тарауих) оқып, сосын аяқтады. 26-ы болғанда ештеңе демеді, түнде намазға да келмеді. 26-ы екінті намазын өтеп болған соң тұрып, 27-і түнді меңзеп «Алла жазса, Бүгін түнде намаз оқимыз. Түнде намаз оқығысы келгендер оқысын!» Әбу Зәрр әңгімесін ары жалғап: (сол түні) түнгі намаз үшін жиналдық және Алла елшісі ﷺ бізге түннің үштен екісі болғанға дейін намаз (тәһажжуд/тарауих) өткізді. Содан кейін мешіттің ішінде тігілген иътикаф шатырына кірді. Мен ол кісіге: Уа Алланың елшісі! Таңға дейін бізге намаз өткізуіңізді қатты қалаймыз дегенімде, былай деді:

«Уа, Әбу Зәрр! Сен имамыңмен осы намазды оқып аяқтағаныңда, түннің барлығын құлшылықпен өткізген сауабына кенелесің».

Пайғамбар ﷺ осылайша бір-ақ рет жасады. Парыз санап кетуінен қорыққаны үшін (жамағатпен өтеуге) жалғастырмады.»

Мінекей Игі һәм Ізгі елші ﷺ сол ыстық аймақта кіп-кішкентай терезесі бар тап-тапал мешітінде шатыр тігіп алғанын есте сақтаңыз. Пайғамбарымыздың ﷺ түнгі намаздарының қиямын/аяқта тұруын өте ұзаққа созатын (ұзын сонар сүрелер оқитын). Бәлки, оның оқыған Құранын Жәбірәйіл тыңдағандықтан осылайша аталмыш муъарада жүзеге асатын болар...

Алла Елшісі ﷺСоңғы рамазан айында 20 күн иътикафқа отырды және Жәбірәйілмен Құранды екі мәрте бастан-аяқ оқып шықты. Әрбір жыл сол күнге дейін түскен сүре, аяттарды Жәбірәйілмен муъарада жасайтын.

Иғтикафтың абзалдығы

Абдуллаһ ибн Аббас бірде Пайғамбар мешітінде иғтикафта болған кезде, бір кісі келіп сәлем бере отырды. Ибни Аббас: «- Бауырым, сенің өңің неге солыңқы,- деген соң араларында әңгіме былай өрбіді:

«Иә. Уа Алла Елшісінің немересінің ұлы, уайымым бар! Пәленшенің менің бойымда ақысы бар. Бірақ мына мазар иесінің ақысы үшін айтайыншы, қарызымды өтей алмаудамын».

«Сен үшін онымен сөйлесейін бе?»

«Қаласаң сөйлес»

Ибн Аббас аяқ киімдерін кие мешіттен шықты. Әлгі кісі:

«Иғтикафта екеніңді ұмытып кеттің бе, мешіттен неге шықтың»,- деп айқай салды. Ибн Аббас  Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін меңзеп:

- «Жоқ! Мен мына қабірде жатқан, арамыздан енді ғана көшкен бұл құрметті заттан ет құлағыммен естідім ғой, (мұны айтқан кезде көздерінен жас сауғалап):

«Кімде-кім, дін бауырының бір мұқтаждығын өтеу үшін күш-жігер жұмсап, ақыры ол істі тындырса, бұл іс ол үшін он жыл иғтикафта болуданда қайырлы. Әйтпегенде кімде-кім Аллаһ разылығы үшін бір күн иғтикаф жасайтын болса, Ұлық Алла ол кісімен тозақ арасында үш ор жаратады, әрбір ордың арасы, шығыс пен батыстың арақашықтығындай ұзақ» деді. (Бәйхақи, Шуғаб, ІІІ, 424-425. Қос.ша қар.з Хәйсами VІІІ, 192).

 

Жоғары да атап өткендей иғтикафқа жолай алмай жүрген жандардың барлығы өзгенің бақыты үшін өмір сүріп жатқан ізгі жандар деп есептейік.

Ораза қабыл болғай!