Tań 06:33 Kún 08:11 Besіn 12:18 Ekіntі 14:29 Aqsham 16:15 Quptan 17:53

Оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар

74958 fatua.kz

Оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар

 

Оразаны не бұзбайды? 

 

1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;

2. Ұйқыдан жүніп болып ояну;

3. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;

4. Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;

5. Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;

6. Аузына келген қақырықты жұту;

7. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;

8. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;

9. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;

10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;

11. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;

12. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;

13. Көзге дәрі тамызу;

14. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;

15. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;

16. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;

17. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

 

 

Оразаны не бұзады? 

 

- Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;

- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;

- Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».

- Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);

- Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

- Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады). 

 

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат? 

 

- Жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).

- Жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).

- Ауру-сырқау; (сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).

- Кәрілік; (қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).

  • Хайыз (етеккір) бен нифас; (бір әйел ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді).  

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі