Tań 06:07 Kún 07:41 Besіn 12:06 Ekіntі 14:34 Aqsham 16:21 Quptan 17:55

ҮЙГЕ БЕРЕКЕ ШАҚЫРАТЫН АДАМДАР

682

ҮЙГЕ БЕРЕКЕ ШАҚЫРАТЫН АДАМДАР


Сіз "осы өмірде мен ғана бақытсыз адаммын" деп түңілсеңіз, олар "Аллаға шүкір, ең бақытты жанмын" дейді. Күнде еркін шығып-түсуге ерінетін баспалдаққа олар, бір-ақ рет болса да, өз аяғымен шығуды қалайды. Кейде өз бойыңызда біреуге жауап қайтаруға ерініп, сөйлегіңіз келмей қалатын сәттер де кездеседі ғой. Ал олар "шіркін өз ойымды еркін айтып жеткізе алсам ғой" деп армандайды. Олар әр күні үшін шүкірлік ететін, жігер-күші мықты, жақсылықтан күдер үзбей, қараңғылықтан жарық сәуле көре алатын кембағал жандар. Олар сіздің көмегіңізге мұқтаж емес, сіз оған көмектесуге мұқтажсыз. Неге дейсіз бе? Жауабын бірге іздеп көрейік.



Садақаға алушы емес, беруші мұқтаж

 Қасиетті Құранда:

«Сендердің біріңе өлім жетіп: «Иә, Раббым! Маған жақын бір мерзімге дейін мұрсат берсең, сонда мен садақа беріп әрі түзулерден болар едім», - деп айтуынан бұрын, Біз сендерге ризық етіп берген нәрселерден (зекет, садақа) беріңдер»- делінген («Мұнафиқун» сүресі, 10-аят). 

Құрандағы тағы бір аятта:

«Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», дейді («Сәба» сүресі, 39-аят).

Сөзіміз одан әрмен дәлелді бола түсу үшін мына бір хадистерді де келтіре кетейік:

«Уаллаһи, садақа берумен мал азаймайды. Олай болса садақа беріңдер!» немесе «Садақа дүние-мүлікті кеңейтеді, олай болса, садақа беріңдер!», «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер». Сөзсіз, садақа ризықты азайтпайды. 

Ертеректе бір ғұлама: «Менің тағдырыма жазылған ризықты менен басқа ешкім жей алмайтынын түсінгенде, жүрегім тыныштық тапты» деген екен. Керісінше, мұндай адам періштелердің дұғасына ілігеді. «Алланың құлдарының оянатын әрбір күні, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «иә, Алла (Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа) берушіге, несібеңді арттыр!», - десе, екіншісі: «Иә, Алла, сараңды опат қыл!» - дейді (Бұхари).

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.)

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп береді. Бұған қатысты аяттарда былай делінген:

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші» («Бақара» сүресі, 261-аят).
«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» («Әнғам» сүресі, 160-аят).
Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» («Сәбә» сүресі, 39-аят).

Бірде Фатима анамыз көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті бармай отырған сәтінде Хазреті Әли бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп жарына: «Ей, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» - деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Анар жегім келеді», - дейді. Хазреті Әли ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Әли оған жақындап: «Не қалайсыз?» - деп сұрайды. Ол адам: «Ей, Әли. Бес күн болды осында тастап кетті. Адамдар өтіп-кетіп жатыр. Ешкім маған қол ұшын берейін демейді. Анар жегім келіп тұр», - дейді. Хазреті Әли сәл ойланып: «Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фатима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Тағаланың мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» («Духа» сүресі, 10-аят) және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сұраушыны бос қайтармаңдар», - деген сөзіне қарсы келген болам деп, анарды әлгі қарияға береді.

Хазреті Әли Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фатима анамыз Әлиді көрген кезде орынан тұрып қарсы алады. Али анар оқиғасын айтып бергенде Фатима анамыз: «Сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», - дейді. Хазреті Әли осы сөзді естіген соң, көңілі жайланады.

Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хазреті Әли есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Әлидің алдына қояды. Хазреті Әли: «Бұны кім жіберді?» - деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жіберген. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да саған жолдады», - деді. Әли табақтың бетін ашып қарағанда 9 анарды көреді. Сонда ол: «Ей, Салман. Бұл әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деген» дейді («Әнғам» сүресі, 160-аят). Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табақа қояды: «Ей, Әли! Аллаға ант етейін анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», - дейді. (Мақасидут-Талибиин. 300-бет)

 

Садақа берудің осы дүниедегі 5 пайдасы

Мал-дүниені тазартады;
Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи). «Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи)
Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи)

«Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені, апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи)

Мұқтаж жанды қуантады;
Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді:

«Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа)

«Аз да болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге Алла да нығметін азайтады» (Муслим)

Негізінде садақа берудің пайдасы бұдан да көп тізбекті құрайды. Демек, сіз садақа берген жан бір рет ғана тәніне азық табады, болды. Ал сізге келер пайданы өзіңіз бағамдап көріңізші?!

Садақа тек қаржымен шектелмейді

Сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде: 

«Әрбір жақсылық - садақа» (Тирмизи)

«Жақсы сөз - садақа» (Ахмад б. Ханбал)

«Күлімсіреген жүзбен сәлем беру - садақа» (Бәйхақи)

«Дін бауырына күлімдеп сәлем беру - садақа» (Тирмизи)

«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю садақа» (Муслим)

«Бауырына қарсы күлімсіреу - бір садақа. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару да садақа. Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау - садақа, өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құю да садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - дейді. Сахабалардан бірі:

- Ей, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, - дейді. Сахабалар:

- Істейтін жұмыс таппаса не болады? – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Мұқтаж болған жанға қандай да бір көмегін береді, - дейді. Сахабалар:

- Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, - дейді. (Бухари, Муслим)

Кембағалға жәрдем беру сізді байытады

Мусъаб бин Саъд бин Әбу Уаққас (ол екеуіне Алла разы болсын): «Кезінде Саъд өзін басқалардан жақсы санайтын (яғни, басқа өзі сияқты батырлығымен көзге түспегендерге жоғарыдан қарайтын). Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? (олардың дұғалары арқасында)» деді (Бұхари). Тағы бірде: «Маған әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық, сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі» деген (Әбу Дәуд). 

Әнас (оған Алла разы болсын) баяндайды: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүрген уақытында Мединеде екі ағайынды жігіт тұратын, солардың біреуі әрдайым Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп тұратын, ал екіншісі өзінің кәсібімен нан табатын. Бірде кәсібімен нан табушы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, өзі ғана жұмыс істейтіндігі жайлы айтып шағымданады. Сонда ол: «Бәлкім, саған сенің ризығың сол сенің бауырың үшін келіп жатыр» деді (Тирмизи). 

Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады», - делінген (Муслим).

Пайғамбарымыздың сенімді серіктері Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) Әс-Сыддықтың (Алла оған разы болсын) күн сайын таң намазынан кейін бір жаққа асығып бара жататындығын байқап жүреді. Мұның себебін ойлана келе, соңынан түсіп аңдымаққа бекінеді. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын)  бір лашықтың ішіне кіріп кетеді. Сыртқа шыққанын күтіп тұрған Омар (Алла оған разы болсын)  бірден үйге енеді. Сөйтсе, онда кәрі әрі зағип әйел және оның балалары отыр екен. 

– Иә, Алланың құлдары! Сендер кімсіңдер?-деп сұрайды.

– Мен – осы шатырда балаларыммен тұратын жалғызбасты кәрі кемпірмін. Бұлардың әкелері қайтыс болған. Біздің Алладан басқа асыраушымыз жоқ, - деді. Омар (Алла оған разы болсын):

– Ал жаңа менің алдымда осы үйден шыққан кім?-деп сұрайды.

– Есімін білмеймін. Бірақ, ол күн сайын келіп біздің үйімізді сыпырып, еденімізді жуып кетеді. Таңғы асымызды дайындап, қойымызды сауады,- деген жауапты естігенде Омар (Алла оған разы болсын) өз-өзін ұстай алмай еңкілдеп жылайды. Кейін:

– Уа, Әбу Бәкір, сен өзіңнен кейінгілер шаршайтын амал жасадың! Кейінгілерге саған ұқсау қиын болады, - дейді...

Расымен де, көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген, Алла Елшісінің ең сүйікті досы болған, тіпті, осы үмметтің барлық адамдарының иманын басып озатындай дәрежеге жеткен Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) бізге мәлім құлшылығы осындай көркем болса, біз білмейтіні қаншама?!

Олардың дұғасы қабыл

Дұға – мұсылманның қаруы. Бұл «қарумен» сіз де, сіз дұғаңызға қосқан адам да ризыққа кенеледі. Хадисте: «Бір мұсылман басқа мұсылман бауырына сырттай дұға қылса періштелер оған: «Сол нәрсе саған да болсын!» дейді». (Мүслим) Сен барлық күш жігеріңді салып, олардың дұғасына ілігуге тырыс. Өткені, кембағалдың дұғасы қабыл, жанында береке мен ризық мол. Сондықтан алғысын алып, садақа беріп, кем-кетігін түгендеп, әрдайым ол үшін де, өзің үшін де үздіксіз дұға ет. Себебі саған келетін барлық ризықтың қайнар көзі осында екенін біл. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Орталарыңдағы әлсіздің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?», - деген екен (Бұхари).

Мүмкіндігі шектеулі адамдар - біз үшін сынақ әрі  Жәннаттың есігі! Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендерге риза болғанымды қаласаңдар, әлсіздерге көмектесіңдер, себебі, сендерге араларыңдағы әлсіздер үшін көмек көрсетіліп, тұрмыстарыңа қажеттіліктер беріледі», - деген (Тирмизи, Әбу Дәуд). Алла Тағала кембағалды бізге ғибрат ретінде және әрбір мүшесінің амандығына Аллаға мадақ айту үшін әрі оларға жәрдем бере ме, бермей ме қайтер екен деп сынау үшін жіберген. Сіз көмек бермесеңіз де, Алла Тағала олардың ризығын береді. Сондықтан, сізге берілген үлкен мүкіндікті жіберіп алмаңыз.