Tań 06:06 Kún 07:39 Besіn 12:06 Ekіntі 14:35 Aqsham 16:22 Quptan 17:55

Рамазан Кәрім

560 azan.kz

Рамазан Кәрім

Ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы айдың, жылдың ең қадірлі болған айының атауы − Рамазан. Осы айға байланысты ережелер көп болғандықтан, біз алдағы бірнеше бөлімде оның сипаттамаларына толығырақ тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

 

Рамазан философиясы

Адамның негізгі міндеті неде екені Қасиетті Құранда анық айтылады: Оған «...құлшылық етуде».

 
«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Құран, 51:56).

Құранда «құлшылықты» білдіру үшін пайдаланылған «ғибадат» сөзі әлдеқайда ауқымды мағынаға ие. Ағылшын тілінде [ескертпе: орыс тілінде де] «құлшылық» сөзі әдетте өзіңнің Жаратушыңа деген құрметіңді көрсетуге арналған кейбір нақты іс-әрекеттер мен салт-жораларды ғана білдіреді.

Бірақ, «ғибадат» сөзі тек қана ондай салт-жоралармен шектеліп қоймайды, керісінше, ол Құдіретті Аллаға мойынсұнып, Оның разылығы үшін жасалған кез келген амалдың көрінісі іспеттес. 

Осылайша, оған, алғашында, дүниеуи сипатта болып көрінетін көптеген іс-әрекеттер жатады. Мәселен, сенің жауапкершілігіңдегі жандардың алдындағы өз міндеттеріңді орындау үшін нәпақаңды рұқсат етілген (адал) жолмен табу.

Әйткенмен, ғибадат екі түрлі болады. Бірінші орында – намаз (солят), ораза және т.б секілдіАллаға құлшылық етуге ғана арналған, дүниелік мақсаттан ада іс-әрекеттер. Бұлар — тікелей құлшылық әрекеттері.

Ғибадаттың екінші түріне, ең алдымен, дүниелік сипатқа ие, бірақ, Шариғатқа толықтай сай және өз міндеттеріңді орындау мақсатында жасалса, құлшылыққа айналатын іс-әрекеттер жатады. 

Осылайша, олар жанама түрде ғана ғибадат ретінде қарастырылады. Ғибадаттың тікелей амалдары жанама амалдардан жоғары тұруы керектігі айдан анық.

Ислам мұсылмандарды күніне бес рет оқылатын намаз сияқты тікелей ғибадаттың аз ғана санын орындауға міндеттеп, өз ізбасарларын, көп жағдайда, құлшылықтың жанама түрлерімен қалдырады: ішіп-жем, өмір сүру үшін табыс табу, әйеліңмен, балаларыңмен, әке-шешеңмен және қоғаммен қарым-қатынасың.

Бұл амалдардың ең бірінші кезектегі табиғаты дүниелік болғандықтан, пенденің дүниеуи рахаттарға батып кететіні соншалық, олардың материалдық қыры рухани қырынан басым болады. Сондықтан, құлшылықтың тікелей амалдарымен салыстырғанда, олардың рухани күші бәсеңдеу.

Адамның күнделікті өмірінде жанама ғибадат түрлерімен салыстырғанда тікелей ғибадат түрлері өте аз болғандықтан, оның рухани дамуы материалдық тұрғыдан дамуынан артта қалады.

Рамазан айы адам өмірінің рухани және материалдық қырларының арасындағы тепе-теңдікті сақтап тұруға арналған. Бұл айдың көздеген мақсаты – ғибадаттың тікелей амалдарын мейлінше ұлғайтып, дүниеуидің барлығын мүмкіндігінше азайту. Сонда адам өзінің діни тұрғыдан жетілуін жылдамдатып, дүниелік өмірге шамадан тыс ұмтылудың нәтижесінде пайда болған рухани олқылықтардың орнын толтыра алады.

Рамазанның күндері күні бойы ораза ұстауға бағытталған. Бұл ғибадат амалы болып табылады. Ораза адамды қаншама сағаттар бойы кез келген материалдық азықтан құр қалдыру арқылы материалдық ләззаттардың адам жанына тигізген (егер сондай әсері бар болса) кері әсерін азайтады.

Ал, Рамазанның түндері болса, тарауық намазын оқумен, тәхәджуд пен сухурға оянумен өтеді де, ұйқының уақытын қысқарады. Оның үстіне, біз үкім етілген құлшылықтан басқа қолымыздан келгенінше қосымша (нәпіл) ғибадат жасағанымыз дұрыс. Осылайша, бұл айда жылдың өзге күндерімен салыстырғанда, адамның рухани қызметі жоғарылай түседі.

Бұл — бізге аталмыш айдың көптеген құлшылық түрлерін жасауға бағытталуы керектігін көрсететін Рамазан философиясы. Дәл осы себепті, бұл айдағы игі амалдар үшін берілетін сауап еселеніп, мұсылмандарды мейлінше көбірек ғибадат жасауға ынталандырады.

 
Рамазанның құндылықтары
 
Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның құндылықтары турасында бірсыпыра хадистерде айтып кеткен. Олардың кейбіреулері осында аудармаларымен келтірілді.
Салман әл-Фәрисиден Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шәғбанның ең соңғы күні бізге арнап, былай дегені жеткізілген:

«Беу, халайық! Ұлы әрі берекелі ай сіздерге шапағатын төкті. Бұл айда мың айдан абзал түн бар. Осы айда Алла Тағала ораза ұстауды міндет етіп, түнде намаз оқуды мақтауға лайық амал етті. Егер кімде-кім осы айда қосымша мінәжат етіп, Жаратушымызға жақындаудың амалын жасаса, сол құлшылығы үшін өзге күндері жасалған парыз амалдың сауабы беріледі, ал, кімде-кім парыз амалды жасаса, сол амалы өзге күндері жасалған жетпіс ғибадат амалына парапар болады. Бұл – сабырлық айы, ал, сабыр үшін берілетін сый – Жәннат. Бұл – мүміннің ризығы арта түсетін жанашырлық айы. Егер кімде-кім біреудің аузын аштырса, бұл оның күнәларының кешірілуіне және оның мойнының Тозақтан босатылуына себепкер болады және оған ораза ұстаған адаммен бірдей сауап беріледі, оның үстіне, одан ораза ұстаған адамның сауабы кемімейді.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары былай деген:

«Уа, Алла Елшісі! Біздің ешбіріміздің өзге біреудің аузын аштыруға жетерліктей асымыз жоқ». Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза ұстаған адамға аузын ашуы үшін (ең болмаса) бір құрма немесе су яки аз ғана сүт берген адамға сауап жазылады. Бұл айдың бірінші бөлігі — Алланың рақымы, ортасы‒Алланың кешірімі, ал, соңғы бөлігі — Тозақтан азат болу. Егер кімде-кім осы айда құлының жұмыс ауыртпалығын жеңілдетсе, Алла оның күнәларын кешіріп, Оттан босатады. Бұл айда төрт нәрсені жиі жасау қажет. Олардың екеуіне сендердің Раббыларың разы болады, ал, қалған екеуі жайында «бұл бізге керек емес» деп ешқашан айта алмайсыңдар. Алланың разылығына жеткізетін екі амалға келер болсақ, олар − Алладан басқа Раббы жоқ екеніне куәлік ету және Оның кешірімін іздеу. Сізге қажет болмауы мүмкін емес болып табылатын екі нәрсеге келер болсақ, бұл – Алладан Жәннатты сыйға тартуын сұрап, жалбарыну және Оттан қорғауын сұрап, пана іздеу. Егер кімде-кім ораза ұстаған адамға сусын берсе, Алла оған менің бұлағымнан сусын жасап береді (мұнда Жәннаттағы «Кәусар» бұлағы туралы айтылып тұр)...».

Аталмыш хадисте Рамазан айының құндылықтары және осы уақыт аралығында қандай амалдар жасауымыз керектігі толық сөз етіледі. Хадистен шығатын қорытынды – біз ораза ұстаумен ғана шектеліп қоймай, ізгі амалдарымыздың санын мейлінше арттыра түсіп, күнәларымыз үшін жарылқау тілеп, тәубеге келуге, өз еркімізбен құлшылық жасап, қайырымдылықпен айналысып, мүмкіндігінше көбірек сауапқа бөлену үшін осы мүмкіншілікті уысымыздан шығарып алмауымыз қажет.

Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген басқа бір хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген:

 
«Менің үмбетіме Рамазан айында бұрын-соңды өзге қауымдарға берілмеген бес ерекше сый тарту етілді:

 
1. Ораза ұстаушы адамның аузынан шығатын иіс Алла үшін мисктің де иісінен артық;

2. (Судағы) балықтар ауызашардың уақыты кіргенге дейін Алладан ораза ұстаушы адамды кешіруін сұрап, жалбарынады;

3. Рамазанның әрбір күні Алла Тағала: «Менің ізгі құлдарымның дүниелік өмірдің ауыртпалығынан құтылып, саған келетін уақыты алыс емес», − деп, Жәннатты әшекейлейді;

4. Бұл айда бүлікшіл шайтандар байлаулы болатындықтан, басқа күндері жасайтын зұлымдықтықтарын жасай алмайды (яғни, ерлер мен әйелдерді күнә жасауға азғыра алмайды);

5. Осыайдың соңғы түнінде ораза ұстағандар кешірімге ие болады».

Убәдахибн әл-Самиттен риуаят етілген хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Сендерге Рамазан кеп жетті. Бұл мүбәрак айда Алла сендерге Өзінің Мейірін шашып, Рақымын түсіріп, күнәларыңды кешіріп, дұғаларыңды қабыл алады. Сендер (ізгі амал жасауда) бір-біріңмен жарысқанда Алла сендерге куәлік етіп, Өзінің періштелерінің алдында сендермен мақтанады. Осылайша, сендер де өз тараптарыңнан Аллаға ең ізгі амалдарыңды көрсетіңдер, себебі, нағыз бақытсыз адам − бұл айда Алланың рақымынан құр қалған адам».

Алланың бұл айға берген ұлы құндылықтарын көрсету үшін осы хадистер де жеткілікті.

Рамазанды қалай өткізу керек
Рамазан айы — Алланың берекесіне толы ай. Бұл –ішкі рухани қасиеттеріңдіжыл сайын қалпына келтіріп тұруға арналған тазару айы. Бұл – әрбір мұсылман үшін иманын нығайтуға, жүрегі мен жан-дүниесін тазартуға және жасалған күнәларының зарарлы салдарын жоюға тамаша мүмкіндік.

Бұл ай мұсылмандарды дүниеге салынып кетуді мүмкіндігінше азайтып, құлшылық амалдарын ұлғайтуға шақырады. Ғибадатқа барынша көбірек уақыт қалдыру үшін бұл айдағы кестемізді алдын-ала жоспарлап қойғанымыз жөн.

Мына жерде Рамазан айында ерекше көңіл бөліп, орындауды қажет ететін амалдардың тізімі келтірілген:

1. Әр намазды мешітте жамағатпен оқу;

2. Сухурдың (ауыз бекітудің) уақытынан сәл ертерек тұрып, тәхәджуд намазын оқу. Тәхәджуд намазы үшін белгілі бір үкім етілген рәкағат саны жоқ. Дегенмен, сегіз рәкағат оқыған дұрысырақ.

3. Ишрақ (күн шыққаннан кейін екі рәкағат), духа (ишрақ пен шаңқай түстің аралығында кез келген уақытта оқылатын төрт рәкағат) және әууәбин (ақшамнан кейін алты рәкағат) нәпіл намаздарын оқу.

4. Қасиетті Құранды оқу. Мұнда белгілі бір нақты шектеу қойылмаған, бірақ, оны қолымыздан келгенінше көп оқуымыз тиіс.

5. Зікір немесе Тәсбих, әсіресе, төмендегі декламациялары:

(a) سبحاناللهوبحمدهسبحاناللهالعظيم

(b) سبحاناللهوالحمدللهولاإلهإلااللهواللهاكبر

(c) استغفراللهربيمنكلذنبوأتوبإليه

(d) اللهمصلعلىمحمدالنبيالأميوعلىآلهوصحبهوسلم

(e) لاحولولاقوةإلاباللهالعليالعظيم

(а) «Субханаллахи уа бихамдихи, субханаллахиль-'азым» (Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән! Құдіретті Алла кемшілік атаулыдан Пәк!);

(b) "Субханаллахи уалхамду лиллахи уа ла илаха иллаллаху уаллаху акбар" (Алла кемшілік атаулыдан Пәк, мақтау-мадақ Оған тән және Алладан басқа құдай жоқ, Алла Ұлық);

(с) "Астагфируллаха рабби мин кулли занбин уа атубу иляйхи".(Алладан, Раббымнан жарылқау тілеймін әрі Оған тәубе етемін);

(d) "Аллахумма салли аля - Мухаммадин-набиййи'л-уммиййи уа аля алихи уа сахбихи уа саллим"(Я, Алла, Пайғамбарымыз Мұхаммед пен оның сахабаларына игілік пен сәлеміңді бер);

(e) «Лә хаулә уа ләқуууата иллә билләхил-алийиль- 'азым» - (Биік, Ұлы Алладан басқа ешкімде күш-қуат жоқ)

Осы сөздерді белгілі бір уақытта жүз рет оқығаннан бөлек, күні бойы да оқып жүруге болады, тіпті қандай да бір жеңіл жұмыспен айналысқанда да, серуендегенде де немесе ұйықтауға жатқанда да.

6. Дұға-тілектер: ерекше үкім етілген дұға жоқ. Бұл дүниеде де, ақыретте де өзіңе қажет болған барлық нәрселерді сұрай беруге болады. Десек те, біздің Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларының барлық нәрсені қамтитыны соншалық, пендеге осы дүниедегі өмірінде де, жан тапсырғаннан кейін де керек болатын дүниелердің бәрін өзіне сыйдырады. Сол себепті, Жаратушы Иемізгедұға қылғанда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайдаланған сөздерін айтып, жалбарынған абзал.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол дұғалары жинақталған бірнеше кітап бар. Әрбір мұсылманның үйінде болуы тиіс және күн сайынғы дұғаларда пайдаланылуы тиіс екі кітап:

- «Әл-хишуль-хасин» (Әлләмә әл-Джәзри).

- «Мунәджәт-е-Мәкбуль» (МәуләнәӘшраф Әли Сәнуи)

7. Садақа (қайырымдылық). Парыз болып табылатын зекетті төлеумен қоса, шамаң жеткенше садақа берген дұрыс.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында кедей-кепшіктерге қамқор болып, қаржылай көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлгендігі сенімді хадисте риуаят етілген. Сондықтан, мұсылман адам шама-шарқы келгенінше садақа беруден аянбауы қажет.

 
Рамазан айында неден аулақ болған жөн
 
Бүкіл ай бойы қандай болмасын күнәлі істердің маңына да жуымау керек. Рамазан болсын, басқа уақыт болсын, Шариғатта күнәлі істер үзілді-кесілді харам етілген болса да, бұл айда оларға салынған тыйым бұрынғысынан да салмақты сипатқа ие болады. Ораза кезінде мұсылмандардың ішіп-жеу секілді кейбір рұқсат етілген амалдардан тыйылуы қажеттігі бесенеден белгілі. Сөйте тұра, ол күнә жасауын тоқтатпаса, бұл мазақ болады: хәләл нәрселерден тыйылып, бірақ, харам іс-әрекеттермен айналысуды жалғастыра беру мазақ емей не? Осылайша, бұл айда күнәдан іргеңді аулақ салу қажеттігі бұрынғыдан да арта түседі.

Әсіресе, төмендегі нәрселерден бойыңды түгелдей аулақ ұстаған дұрыс:

1. Өтірік айтудан;

2. Ғайбат немесе өсектен, яғни, адамды сыртынан сынап-мінеуден;

3. Ұрыс-керістен. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған, әсіресе, ораза кезінде қатаң тыйым салған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен біреу ұрысқысы келсе, ораза екенімізді және жанжалдасқымыз келмейтінін айтуымыз керектігін әмір еткен;

4. Харам астан;

5. Харам жолмен табыс табудан;

6. Ешқандай орынды себепсіз адамға зиян келтіретін кез келген іс-әрекеттен;

7. Қызметшілердіңнемесе жұмысшылардың мойнына шамалары жетпейтін, қажытатын жұмысты арту және оларды сол жұмысты орындауға қажетті қаражатпен қамтамасыз етпеу;

Қысқасы, барлық күнә түрлерінен тыйылуға барымызды салып, көзімізді, құлағымызды, тілімізді және басқа да дене мүшелерімізді күнәлі істерден қорғауға барынша тырысуымыз керек. Рамазанды осылай өткізген адам, инша Алла, бойына тың рухани күш біткенін сезінеді, сөйтіп, сол күштің оған Алланың разылығына сай адал өмір сүруге септігін тигізері хақ.

 
Оразаның қағидалары
 
Рамазан айындағы ораза − парыз, яғни, әрбір мұсылман үшін міндетті болып табылады. Оның міндеттілігіне сенбейтін адам — мұсылман емес, Рамазан күндерінде ешқандай уәжді себепсіз ораза ұстамайтын адам — күнәһар.

«Ораза» күні бойы, таң атқаннан күн батқанға дейін Алланың разылығына қол жеткіземін деген айқын ниетпен ішіп-жеуден және жыныстық қарым-қатынасқа түсуден тыйылуды білдіреді. Егер кімде-кім ішіп-жемнен және жыныстық қарым-қатынастан Алланың разылығынан басқа бір себеппен тыйылса, Шариғат терминологиясында бұл ораза деп атала алмайды. Осылайша, ниет дұрыс болуы тиіс.

Рамазанда ораза ұстау үшін ауыз бекітуге түнде, яғни, ораза басталмас бұрын ниет ету қажет. Алайда, егер таң атқанға дейін ниет етпеген болсаңыз, таңертеңгісін, тал түске дейінгі аралықта, зәуәл (шаңқай түс) уақытынан шамамен 1,5 сағат бұрын кез келген уақытта ниет ете беруге болады.

Бірақ, бұл қағида Рамазан айындағы ораза мен нәпіл (қосымша) оразаға ғана қатысты. Ал, қаза болған оразаға келер болсақ, оны өтеуге таң атпас бұрын ниет ету қажет. Ниет жүрекпен жасалады. Оны сөзбен білдірудің қажеті жоқ. Дей тұрғанмен, ниет ету сөздерін дауыстап айтуға да болады, алайда, «солай істеу − парыз» дейтіндер қателеседі.

 
Оразаны бұзатын жағдайлар
 
Оразаны бұзатын жағдайлар екі түрге бөлінеді. Бірінші түрі — оразаны бұзып қана қоймай, оны бұзған адамның мойнына қаза және кәффәрат (өтеу) секілді жауапкершілікті артатын іс-әрекеттер. Ондай іс-әрекеттер үшеу:

 1. Бірдеңе жеп қою;

 2. Бірдеңе ішіп қою;

 3. Жыныстық қарым-қатынасқа түсу.

Егер ораза ұстайтын адам аузын бекіткеннен кейін осы әрекеттердің нәтижесінде оразаның бұзылатынын біле тұра, солардың бірін жасаса, оған кәффәра міндетті болады. Бұл дегеніміз – ол бұзылған оразаның қазасын өтеуге де, оған қоса, оның өтем ақысын (кәфәрасын) төлеуге де міндетті болады.

Қаза болған жағдайда бұзылған оразаның орнына тағы бір күн ораза ұстау қажет. Кәффәра үш әдіспен өтелуі мүмкін, абзал болған тәртібі мынадай:

1. Құлды азат ету;

2. Екі ай бойы үздіксіз ораза ұстау;

3. Алпыс міскінді тамақтандыру.

Қазіргі кезде құлдық жоқ болғандықтан, мұны соңғы екі әдіспен орындауға болады. Екі ай бойы үздіксіз ораза ұстауға қауқары жететін адам ораза тұтуы қажет, оған алпыс міскінді тамақтандыру рұқсат етілмейді. Ол екі ай бойы ораза ұстауға тым әлсіз болған жағдайда ғана алпыс кедейдің қарнын тойдырып, кәффәраның үшінші түрін орындай алады.

Екінші түрі — оразаны бұзатын, бірақ, кәффәра орындауға міндеттемейтін іс-әрекеттер. Мұндай жағдайларда бұзылған оразаны өтеу ғана міндетті:

1. Білместен бірдеңені жеп немесе ішіп қою. Мәселен, дәрет алу кезінде тамағыңа байқаусызда бір тамшы су өтіп кетсе, ораза бұзылады, бірақ, оның  орнын толтыру үшін сол күннің қазасын өтесе жетіп жатыр;

2. Мұрынға дәрі немесе басқа нәрсенің кіруі;

3. Темекі шегу;

4. Әйеліңе жақындағанда, сүйгенде және аймалағанда ұрықтың шығуы;

5. Таң атып кеткенде немесе күн батпай тұрғанда әлі таң атқан жоқ яки күн батты деп ойлап, ішіп-жеп қою;

6. Егер ораза ұстаушы адам аузы берік екенін ұмытып, бірдеңе жеп немесе ішіп қойса, оның оразасы бұзылмайды. Есіне түскен бойда оразасын ұстауды ары қарай жалғастыра беруі керек. Дегенмен, егер ол ораза екені есіне түскеннен кейін де ішіп-жей берсе, оразасы бұзылады. Сондай-ақ, егер ол ораза екенін ұмытып кетіп, ішіп-жеп қойғаннан кейін «оразам бұзылды» деп қателесіп, ішіп-жеуін жалғастыра берсе, соның қазасын ғана өтеуі қажет болады.

 
Ораза үшін мәкрүх әрекеттер:
 
Төменде келтірілген іс-әрекеттер оразаны бұзбайды, бірақ, мәкрүх болып табылады, яғни, олар ораза үшін берілетін сауапты кемітеді. Сол себепті, ораза ұстау кезінде ондай әрекеттерден аулақ болған жөн.

1. Бірдеңе шайнау немесе бір нәрсені жемесең де, дәмін татып көру;

2. Тіс пастасын немесе тіс ұнтағын пайдалану. Пастасыз немесе ұнтақсыз мисуәкпен яки щеткамен тіс тазалауға рұқсат етіледі;

3. Күні бойы жүніп күйде болу;

4. Біреуге қан беру;

5. Біреумен ұрысу немесе оған тіл тигізу;

6. Ғайбат, яғни, біреуді сыртынан сөгу немесе айыптау (жазғыру);

7. Өтірік айту.

Соңғы үш жайт ораза ұстамаған жағдайда да харам етілген. Сол себепті, оларға салынған тыйым ораза кезінде одан сайын қатая түседі.

 
Рұқсат етілетін іс-әрекеттер
 
Төменде келтірілген іс-әрекеттерге ораза кезінде рұқсат етіледі:

1. Мисуәктің немесе щетканың көмегімен тіс тазалау, мақта таяқшаларымен құлақты тазалау;

2. Май немесе қына пайдалану, шашты бояу;

3. Көзге арналған тамшыны немесе қабаққа арналған бояуды пайдалану (сүрме/каджаль);

4. Әтір жағу немесе иіскеу, далап немесе тамақ жейтін таяқшаны пайдалану;

5. Суға түсу;

6. Денеге инемен дәрі жіберу;

7. Еріксіз құсу;

8. Еріксіз түтін немесе шаң жұту;

9. Ұйықтап жатқанда шәуеттің бөлінуі;

10. Тістің қанауы, егер қан тамаққа кетпесе;

11. Жүніп болған кезде ғұсыл алуды күн шыққанға дейін кешіктіру.