ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН – ТЕҢДЕССІЗ НЫҒМЕТТЕР АЙЫ
502
Рақымды Раббымыздың теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан айы баршамызға құтты болғай! Бұл мұсылман баласы үшін тек құлшылық, ораза, намаз, садақа берумен шектелетін не болмаса қалаған адамның ауыз бекітіп, ал екінші бірінің: «Денсаулығым көтермейді» деп сылтауратып, қайсыбіріміздің: «Маған болмайды, жұмысым ауыр» деп ақталатын ай емес... Бұл адамның өзі үшін күллі мүмкіндіктер есігі айқара ашылатын мүбәрак ай.
Бұл айда ораза тұту – Алланың екі дүниедегі қисапсыз қазынасына кенелу деген сөз. Халқымыз: «Бұл өмір – сынақ» деп жатады. Ал сол сынақты сіз қалай түсінесіз? Басыңыз сансыз қиындыққа тап болып, не болмаса ет жақыныңыздың айықпас ауруға шалдығуы, не перзентке зар болу, отбасыңыздағы ішкіліктің зардаптары, баспана жоқтығы... Ия, өмірде кездесетін тауқыметтер өте көп. Сондай сәттерде сауық-сайран құрып, аяқты алшаң басып қамсыз жүру бақытты адамның сипатындай көрінер. Жоқ! Нағыз бақыт Алланы танып, оның қамқорлығын сезіну. Хадисте:
Хадисте Раббымыз: «Пендем Мені қалай деп ойласа...» деп ең әуелгі ерікті өзімізге беріп отыр. Ендеше, сауаптар еселеніп, жақсылықтар берекеленетін Рамазан айы мұсылманға нағыз сынақ деуге болады. Раббымызды еске алып, бізге белгілеген амалдарын орындамасақ, «мен мұсылманмын» деуіміздің өзі құр сөз емес пе? «Баласының табанына кірген тікен маңдайыма кірсін» деген ана мейірімінен де артық мейірім Иесі Раббымызды қуантатын амал жасап жатырмыз ба? Әлбетте, өз құлдарының құлықсыздығын білетін Алла Тағала Рамазан айын қасиет-нығметке толтырған. Оған әдеттегідей ұйқыны қандырып, тамақты тойдырып күн өткізген пенде ешуақытта кенеле алмас.
Бұған тек Алланың белгілеген тәртібіне мойынсұнып, 30 күн ораза тұтып, намазға ұмтылып, Құран оқып, садақа беру секілді Раббымыздың жақсы көрген құлшылықтарын орындау арқылы жетеміз. Сондықтан әр мұсылманның «бір Алланың разылығы үшін» деп шын ықыласпен ниеттеніп, ұмтылуы маңызды. Әйтпесе, барлығы өзі болатындай немқұрайлы күйкі тіршілікпен шектелу, осы өмірдегі нәпсі қалауының ығына жығылу нағыз бейшаралық болмақ.
Сахаба Салман әл-Фариси (р.а.): «Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі ﷺ бізге мынадай уағыз айтты: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар берсе, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді». Осы тұста сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Ауызашар беруге бәріміздің мүмкіндігіміз келмейді ғой», - деді. Сонда Алла Елшісі ﷺ:
Осы хадистің өзінде қаншама мәліметтер жатыр. «Бұл айдың басы – рақым» дегенді қалай түсінеміз? Бізге Алла Тағаланың 99 көркем есімі мен сипаты белгілі. Соның ішінде біз әр-Рахман және әр-Рахим есімдерін жиі айтамыз. Алланың бұл екі сипаты бүкіл жағынан кәміл, толық мағынаға ие. Ендеше соның рақым сипаты қасиетті Рамазанның алғашқы он күндігін еншілепті. Ал аса Рақымды Раббымыздың рақымы Өз даналығы-мен барша жаратылғандарды қамтыған. Күллі игіліктер мен қисапсыз ырзық-несібелер содан. Тіршіліктің ғажайып көріністері мен табиғат әсемдігінің барлығы да құдіреті күшті Раббымыздың рақымдылығынан. Жаратушы Иеміздің ерекше мейірімі салиқалы пенделерін екі дүниеде де мейіріміне бөлеп, кешіруші.Бір сәт ойланыңызшы, бұл өмірде анасының перзентіне деген сүйіспеншілігінен ыстық не бар? Ал, Раббымыздың мейірімі бізге анамыздың сүйіспеншілігінен де артық. Ол рақым сипатымен пенделерінің жүрегіне иман ұялатып, құлшылық жасауға бастайды.
Осылайша шексіз мейірімімен жәннат бақшаларына кіргізіп, мәңгі бақытқа бөлейді. Халқымыздың: «Алланың рақымы жаусын!» деген қасиетті батасы бар. Осы бір ауыз сөзде қаншама құпия, береке бар ...
Бағамдасақ, Алланың мейірімі, рақымы төгілген адам ғана ораза тұтып, құлшылыққа ден қоймақ. Сол сияқты Раббымыздың мейірімінен үміттенген пенде мұсылмандық парыздарды түйсініп, жақсылық жасауға асықпақ. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейтіні секілді бұл екеуі сырт көзге ұқсас сезіледі. Алайда, мұнда адам баласына берілген ерік, қалаудың орны ерекше. Яғни «адамды Алланың өзі өзгертпесе, бізден не шара» деп шарасыздық таныту мұсылман баласына жат. Өйткені Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері арқылы дұға-құлшылық өзегі, мұсылманның қаруы екенін жақсы білеміз. Біздің қолымызда керемет қару-дұға, тілек тілеу болғандықтан, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де Алланың рақымын жалықпай тілеу маңызды.
Хазіреті Мұхаммед ﷺ:
Ал имам Мүсілімнен жеткен риуаятта Алланың Елшісі ﷺ:
«Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла Тағала былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан».
Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі аузын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық», - деген.
Ендеше, Ұлы Жаратушымыздың рақымына бөлену мүмкіндігі туған сын сағатта әрбір мұсылман бейқамдық пен шарасыздықты жеңіп, нәпсісін рухына бағындыруы нағыз мықтылық. Өйткені Раббымыз біз үшін шайтандарды кісендеп, тозақтың қақпасына құлып салып, жәннат бақшаларының есігін айқара ашқан сәтте мұсылман баласы қалайша оған ұмтылмайды? Бойындағы нәпсісіне емес, әлемдердің Жаратушысына құл болу бақытынан қалайша бас тартпақ? Рақымға тұнған Рамазанның нығметтерінен қалай құр алақан қалмақпыз?
Әлбетте, біз ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын жалғастырып, Алланың рақымына бөлер асыл дініміздің діңгегінің бірі Рамазан оразасын барынша бірлік-ынтымақпен жалғастырып, ойдағыдай өткізейік, ағайын!