ЭНЕРГИЯНЫ АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН 12 КЕҢЕС
2913
(әйелдердің энергиясын көтеру)
Көп әйел «ештеңе істеуге құлқымыз жоқ, энергияны қалай арттыруға болады?» деп жиі айтып жатады. Иә, жалығу деген адам баласының бәріне тән құбылыс. Алайда, біз ұсынған мына әдістер өмірге деген құлшынысыңызды арттырып, тұрмысыңызға сәл де болса серпіліс береді деп ойлаймыз:
1. Әйел энергияны ең алдымен ықыласты құлшылықтан алады. Сондықтан құлшылықты әрдайым кемелдендіріп отыру керек. Кейде намаз оқып болған соң денең ауырлап, ішкі дүниең байыз таппай тұрады. Мұндайда намазға, намаздағы сөздердің мағынасына аса көп көңіл бөлу керек. Зікірді де құр тілмен ғана айтпай, Құранды да жай ғана судыратып оқымай, жүрекпен атқаруға тырысу көп көмегін тигізеді.
2. Таңертең үй шаруасының құлшылық екенін еске алып, ниетті түзеп Алладан сол күннің берекесін, жеңілдігін сұрау.
3. Аптасына бір рет не он күнде бір қонаққа бару не қонақ шақыру. Бұл міндетті түрде дастархан жасау емес. Айтары бар, тәжірибелі, иманды құрбымен бірге шай ішудің өзі әйелді қанаттандырады. Жалпы, әйелдер көбіне бір-бірімен сөйлесу арқылы энергия жинайды екен.
4. Балалармен, күйеуіңмен қыдыру, серуен құру да жаңа серпіліс береді. Сырттан шаршап келген әйел үйден шыққысы келмей, үй шаруасын жақсы көре бастайды.
5. Балалы-шағалы, өмірлік тәжірибесі бар, отанасы деңгейіне жеткен үлкен әйелдердің үйінде болу, ас үйінде отыру, ақыл-кеңесін тыңдау – әйелге мотивация береді, тың идеялар сыйлайды.
6. Кітап оқу. Пайдалы бір кітап бастаңыз да одан түйгендеріңізді жазып отырыңыз. Мейлі, күніне 1-2 бет оқысаңыз да, ойыңыз бөлініп, пайдалы болмақ.
7. Өзіңізге көңіл бөліңіз. Балаларға біреу қарап отырса, моншаға не ваннаға түсіңіз. Шашыңызды тараңыз, бояңыз. Жаңа шаш үлгісін жасаңыз. Бояныңыз не әдемі киім киіп алыңыз.
8. Қарбалас тірліктің бәрін тастай салып, 15 минуттай өзіңіз отырып, шай ішіп алыңыз. Сәл болса да ойыңыз бөлініп, демалып қаласыз.
9. Мүмкіндігіңіз болса өзіңіз жақсы көретін, жаныңызға жақын бір іспен айналыса жүріңіз (хобби). Мысалы, киім тігу, тоқыма, қағаздан заттар жасау, тәттілер пісіру, сауда жасау, т.б.
10. Күйеуіңізге не білімді бір танысыңызға барып жаттаған сүрелеріңізді тапсырып тұруды қолға алыңыз. Құранды қатесіз оқу, түсіну, сауапты амалға ыждағаттылықпен дайындалу – ләззат сыйлайтын амалдардың бірі!
11. Үйдегі шаруаларды мәжбүрлікпен, амалсыздықтан емес, тек жақсы оймен, позитивті пікірмен атқару - сіздің күніңіздің сәтті өтуінің бір кепілі. Үйдегі жұмыстарды атқарар алдында осы үшін сауап алатыныңызды, отбасы мүшелерін қуантатыныңызды, пайдаңызды тигізетініңізді ойлаңыз. Ал ештеңеге үлгермей жатқаныңызды еске түсіріп, өз-өзіңізді жеп, ашушаңдыққа салынсаңыз, моральдық жағынан да, физикалық жағынан да тез шаршап қаласыз.
12. Соңғысы ер азаматтарымыздың «құлағына алтын сырға» дер едік. Қазақта «ұстататын - еркек, ұқсататын - әйел» деген сөз бар. Әйел өз сарайында шеберлігін дамытып, шаңырағын жайнатып, қазанын қайнатып отыру үшін жарынан қолдау қажет. Бірі қаржылай жағынан жеткілікті түрде қамтамасыз етіп отыруы болса, екіншісі - рухани жағынан да көтермелеп, қолпаштап отыруы. Отағасы отанасының еңбегін бағалап, комплимент айтып, ара-тұра сыйлық жасап, жағдайы келсе асханалардың бірінен тамақтандырып тұрса, әйел кішкентай нәрселердің өзіне қуанып, қанаттанады.