Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы.
Рамазан – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай.
Рамазан – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті.
Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.
Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы.
Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың ﷺ : «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді.
Рамазан – құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы.
Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай.
Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ