ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР
593
Бір істі көркем түрде жасауға бел буған адам осы жолда аянбай еңбек етері белгілі. Оразаның да өзіндік шарттары, міндеттемелері, әдептері бар. Ораза басталар алдында біліміңізді жаңартып, фиқһ кітаптарына үңілгеніңіз абзал.
Оразаны не бұзбайды?!
- Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
- Ұйқыдан жүніп болып ояну;
- Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
- Әйеліне қолын тигізбесе де оған қарағанда шәһуәты қозып, бірақ мәни шықпаса;
- Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
- Аузына келген қақырықты жұту;
- Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
- Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
- Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
- Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
- Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
- Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
- Көзге дәрі тамызу;
- Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса, бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
- Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, яки, дәріні жұтпау шарт;
- Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
- Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
«30 күнге 30 уағыз» дәрістер жинағынан