Таң 06:04 Күн 07:38 Бесін 12:05 Екінті 14:36 Ақшам 16:23 Құптан 17:56

ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

598 islam.muftyat.kz

ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

 

Рамазан мен айт мейрамы

 

«Рамазан келерде сансыз сезімдер мен толып тасыған ойлар салтанат құрады. Күн мен түн де тұтастай илаһи (құдайлық) рақымдылық пен кешірімділікке толып тасады. Мезгілі біткен сәтте жүректерге өзіне деген қимас сезім мен сағыныш-сазы тұнады. Бірақ сол бір жүректері рамазанға айналған жандарды жасытпай, оларды іші құт-береке мен қуаныш-шаттық толған айт күніне аманаттайды. Рамазаннан кейін айттың келуі біз үшін тосын оқиға болмаса да, бейне бір жаңа атқан таңдай жан-сарайымызды нұрға бөлеп, санамызды сәулесімен қытықтап, көкжиектен көрінеді. Кейде ол бейне бір толған айдай көгімізге көтеріліп жанарымыз бен көңіл-көлімізге сәулесін түсіріп адам жанын тәтті армандарға жетелеп, бойдағы асқақ сезімдерді оятады. Рамазанмен ыстық ықылас құрған адам баласы айтты илаһи ша-рапаттан төгілген сиқырлы уақыт сезініп, оның терең тылсым-сырын аңғарады. Оның илаһи тартымдылығы мен сиқырына малтып, уақытша болса да, рамазаннан айрылысқан қасірет сезімінен жеңілдегенін сезініп, алып рақым айының қоштасуы мен терең шарапат күнінің мейрамын бірге тартады. 

Біз айтты әрқашан тез туып, бір сәтте төбемізге көтеріліп, бейне бір көзді ашып-жұмған жылдамдықпен өмірін аяқтап батуға таянған толған айдай сезінеміз. Әп-сәтте келіп, әп-сәтте кетіп, сағынышымызды ой-санамызда қалған суреттермен оңаша қалдырады. Қысқа уақыт аясына сыйып кеткен айттың аса бай әрі астам жомарттығы сонша – онда апта мен айлардың жасырын екендігін айту әсіре айтқандық емес. Ол қашан да көктен ой-санамызға бейне бір шырақтай жағылып, көңіл-көгімізге шаттық-өзені болып құйылады. Көкірек-көзі ашық жандардың да жанарының рухани жарығы жарқ етіп, өзіне тартып, рамазанмен қимай қоштасқандарға көктердің бейбіт-нұрын ұсынады. Осылайша жалпы бәріне жүрегінің тереңдігіне қарай, рухани әлемнің әсемдіктерін жеткізеді.

Айт – дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір-бірімен етене араласып, адамдардың рамазан бойы әр түрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер, өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн. Осы мүбәрак күнде рамазан жеткен барлық жер-жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайын-дап, «құпия қазынаға» жап-жарық айна болу жолдарын көрсетеді... Көңілдері алабұртып, алып ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа-жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден, айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек-сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап-сары жапырақтай болып қалар еді деп ойлаймын. Кейде айттың келуімен, көкірек көзі ояу жандар-ды Ұлы Жаратушы жақтан ескен «илаһи самал» баурап алады. Сол сәтте олар жай адамдардың тамаша еткен әлемінің арғы жағын көргендей ғажайып күйге еніп, бейне бір екі әлемнің ортасында тұрғандай сезінеді. Тақуалықтан жүректері діріл қағып, өздерін «үміт пен үрей» аясынан табады. Кейде адам айтта барлық нәрсені болмысынан басқаша сезініп, өзгеше бағалайды. Тіпті ол өзін баураған кейбір сезім иірімдері арқылы көктер мен жерді бір-бірімен бірігіп кеткендей көріп, жерден ұзап, көкке ұшып, періштелердің арасына кіріп, олардың әлемінде жүргендей сезініп, ашылып, кеңейіп «мекенсіз» күй кешеді. Сонда ол өзін бейне бір түпсіз тереңдікке бойлап, шексіздікке жеткендей сезінеді. 

Айтта сезімдер өте жұмсап, адам жаны қатты жеңілдейді де, ақыл мен жүрек бір-бірімен қосылып кетеді . Адам кейде осы бір деңгейдегі өзгерістерге қарап, қатты таңданады. Бәлкім, сол сәтте ол адамдық құндылықтарды еске түсіргені үшін айттың қайта-қайта келуін қалайтын да шығар...

Иә, айтты барлық иманды жандар іштей сезінеді. Біздің өлкемізге аса нәзік, аса сүйкімді, аса тәтті болып келеді. Мыңдаған жылдан бері қадірлі қонақтай келіп, құт-берекесін шашып, мейірім-шапағатымен құшақтаған айтты қашан да үйімізде, мешіт, мінәжатхана мен көшелерде көріп келген сәтте-ақ құшағымызды ашып тұра жүгіреміз. Иә, айт әр келгенінде сана-сезімімізге қатты әсер етіп, өзімізді құшағында тұрғандай сезінеміз. Сонда біз оны бейне бір аңқыған жұпар иіс, тіл мен тамағымыздағы ләззат, жүректе сезілген тәттілік, ой-өрісімізге жаңа атқан таңдай сезіне кетеміз. Ол да күннің әр сағатында бізге тілмен жеткізе алмайтын ғажайып әуенін шарықтатып ала жөнеліп, айналасын баурап алып, бәрімізді өзінің ақыреттік бағына қарай тартады. Ой-сана мен қиял-әлемімізді ғаламат суреттермен безендіреді. Бір күні алыстап кетсе де, ой-санамызда әсем түстердей сол бір суреттер сақталып қала береді...».

 

Ораза жамандықтан сақтайды

 

Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді. «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді»313

313 Бақара,2/185.

 

Бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты– мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Бірақ тақуалық деген не өзі? Осыны әуелі ұғынып, тұшынып алайық. Тақуа дегеніміз – сақтану , қорқу, сыйыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру. Тақуалықтың үш дәрежесі бар. Мәңгілік өлімнен сақтану. Яғни, өзін жаратқан Алла Тағалаға сену, иман ету. Ұлы Жаратушыға иман етпеген адамның басына бақ , қолына құс қонғанмен қашан да жан-сарайы қараңғы болмақ. Өйткені, ертеңгі күн өлімге басы тігілгелі тұрған жанның бүгінгі татқан балы да у болып келеді. Ендеше, бүгіні жоқтың ертеңі де жоқ. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, Алла Тағалаға иман етіп, мойынсұнған жан мәңгілік жаһаннам отынан құтылып, мәңгілік бақыттылық сарайы жәннатқа қарай қадам басады. Яғни, иман еткен өзін мәңгілік өлімге деген соқыр-сенім мен күпірліктен сақтайды. Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Алла Тағаланың көптеген бұйрықтары бар. Осы әмірлерді орындау – парыз. Және Оның көптеген тыйымдары да бар. Олардан алыс тұру – парыз. Оның тыйым салғандарына қол жүгірту – Оған қарсы келу деген сөз.

Тікелей Алла Тағаланың қорғанына кіріп, Одан өзгені жүрекке алмау.

 Ендеше, тақуалық – иманды, көркем мінезді, пара-сатты жан болып, Аллаһ Тағалаға мойынсұнып, «толық адам» шыңына қарай «нұрлы ақылды» шырақ, «жылы жүректі» пырақ етіп, ыждаһаттылықпен қадам басып қайраттану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани кірден тазартып , көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсіге ауыздық салып, тізгінді қолға алу. Аса ойшыл Ибн Рушд былай дейді: «Егер кімде-кім еркі мен нәпсісіне ие болса, онда ол өзін әлемнің ең бақытты адамымын деп санасын». Бірақ ораза, аузы берік жанды тақуалық-тауына қалай жеткізеді? Жалпы адам баласының толық адам шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында жатыр. Нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Ол өзіне ұнамды келетін барлық нәрсеге қол сұққысы, татқысы келеді. Оның өлшемінде шек жоқ. Бүгінін, тіпті бір сәттік ләззатын ертеңі мен мәңгілік бақытына айырбастап яки сатып жіберуге қашан да құмбыл тұрады. Асылында, ол үшін ертең жоқ. Міне, осы кезде ақыл рөл ойнай бастайды. Ақыл – жақсы мен жамандықты айыра білетін адамның негізгі құралы. Бірақ сол ақылдың да өлшемі шектеулі. Оның бүгінгі жақсы дегені ертең жаман, жаман дегені жақсы болуы әбден ықтимал. Міне, осы кезде ақылға бүгіні мен ертеңінде жаңылыспайтын өлшем қажет. Бұл – илаһи өлшем. Егер адам баласы нәпсісіне ие бола алмаса , нәпсі адамның еркін қалаған жағына бағыттай алады. Кей кезде илаһи өлшемді білген ақылды тұтқындап тастап, еріксіз өзіне мойынсұндырып, тыйым салған нәрсеге қол сұқтырады. Сондықтан ақыл жүрекпен бірігіп, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындап ауыз бекітеді. Нәпсінің барлық күш- қуаты осы ауыз арқылы өтеді . Нәпсі қаншама ақыл мен ерікті ауыз ашуға қинаса да, ол екеуі Ұлы Жаратушының бұйрығынан аса алмайды. Ашыққан нәпсінің құмарлық сезімі әлсіреп, деңгейі төмендеп кетеді. Осы сәтте адам бойына рухани қарқын жүре бас-тайды да, жүректің түпкірінде, нәпсінің қалтарысында қалған ар-ождан күллі адамгершілік сезімдерді оятып,  туралыққа бастайды. Яғни, негізгі рөл мен тізгінді ар-ождан қолға алып, адам жаны рухани ләззатқа шомыла бастайды. Бәлкім, ол сонда ғана құмарлық сезімдердің татқан ләззатынан, рухани сезімдердің алған ләззаттары әлдеқайда басым екенін аңғарып, оның бұдан кейінгі бар арман-тілегі – толық адам шыңы бола бастайды. Толық адам шыңы – адамның Ұлы Жаратушы мінезіне ұқсауы. Яғни, рақымды, мейірімді, кешірімді болу секілді. Міне, оразаның осындай хикметтері бар.

 

Нәпсіні тәрбиелеп, жолға салуда аштық пен шөл өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ бұл Аллаһ Тағала үшін болуы керек. Кісі өздігінен аш қалып, діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – Аллаһ Тағалаға жаса-латын ғибадат. Толық адам болу жолындағы барлық қадам Ұлы Жаратушы үшін арналуы керек. Қасиетті (қудси) хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», – дейді.

 

Ораза мінез-құлығымызды түзейді:

 

Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазартып, басқаларға жамандық жасаудан сақтайды. Ораза бізге жақсы мінез-құлық қалыптастырып, тіпті періште сияқты халге жеткізеді. Ораза көзді ха-рамға қараудан, тілді жалған  және жаман сөздерді айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәрселер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды.

Оразаның парыз болуының хикметі – мұсылманның Алла алдындағы ғибадат міндеттерін орындау және жамандықтардан сақтану.

 

Ораза адамның мейірімін және жәрдемдесу сезімін күшейтеді:

 

Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірім-шапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі.

б) Ораза адамдарға нығметтердің қадірін білуді үйретеді:

Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде

ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза

ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Бұл

сезім адамға қолындағы дәулет, нығметтердің қадірін біліп, оны бер-ген Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйретеді.

 

Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады:

 

Бұл жайында пайғамбарымыз былай дейді: “Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады.”[3]

Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі асқорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған.

Нобель сыйлығының иегері Француз ғалымы, доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді:

“Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы”.

 

[3] Кәшфул- хафа”, ІІ том 33-бет

 

Қоғамдық пайдасы

 

Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза – елдегі дәулетті адам мен жоқ-жітік арасында байланыс жасайды. Көбінесе ауқатты адам жасынан өмірдің ауыр тіршілігін көріп, тауқыметін арқаламай өскендіктен, жанашырлық сезімнен мақұрым қалады. Қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деп дәл тауып айтқан. 

Жарықтық Абай атамыздың:

«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы», – дегенінде үлкен мән жатқан жоқ па? Кейде адам байлыққа батқан соң, айналасын ұмыта бастайды. Бірте-бірте аңғалдықтың құрығына түседі. Осы сәтте оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Нәпсісі аттан салып, бойдағы жанашырлық сезімін тұншықтырып тастайды. Дәулетті адамы осын-дай күй кешкен елден берекет кетеді. Бір мемлекетте өмір сүрсе де, бай басқа әлемде, тұрмысы нашар халық басқа бір әлемде жүреді. Мұндай қоғам ауыр дертке душар болып, елде жүйе бұзылады. Ауқатты адамдар қол астындағы жұмыс істеген адамдарына төбеден қарайды. Алауыздық осындайдан туады . Байлыққа мастанған қашан да бас пайдасын ойлайды. Мұндай кісі ешуақытта жоқ-жітіктің халін ұға да, сезе де алмайды.

 

Адам ораза ұстап, сәресіден кешке дейін аш қалғанда ғана айналасына басқаша қарай бастайды. Өйткені, ауыз бекіткен ол күні бойы аш қалмақ. Аш адамның бой-ында тасыған нәпсі бірте-бірте әлсірейді де, жүректің тереңіндегі мейірім-шапағат сезімі оянады. Ол сонда ғана аштықтың қандай екенін аңғарады. Өзінің де жай ғана пенде екенін сезінеді. Ал оянған мейірім-шапағат жалпы адамзатқа, тіпті әлемге деген сүйіспеншілікті өзімен бірге ала келеді. Сонда әлгі кісі адам тұрмақ, жан-жануарға да сүйспеншілікпен қарай бастайды. Рамазан айының – рақым айы болуының сыры да осында жатыр. Адам мен адамның, адам мен әлемнің арасында достық, махаббат байланысы құрылады. Міне, адамның бойында мейірім-шапағат туып, оны айналасына нұрлы шашу етуі – Ұлы Жаратушыға арнаған нағыз шүкірі.

 

Ораза ырыс-берекенің қадірін білдіреді

 

Негізі адам баласы өзіне берілген нығмет пен ырыс-берекенің қадірін біле бермейді. Сый-сияпат етіп берілген ырыс-берекені бейне бір тегін дүниедей төгіп-шашады. Әр түрлі тәтті тағамдарды да бейпіл жей берген соң, ауыздан дәмі кетіп, бал бал болудан қалады. Мұндай күйге түскен кісі ешуақытта тамақтың қадірін сезе алмайды. Ал адам баласы ауыз бекітіп, күні бойы аш жүргенде, тағамның Ұлы Жаратушының құлына жайған дастарқанындағы үлкен ырыс-берекесі екенін аңғарады . Ол күні бойы аш қалып, кешқұрым ауыз ашқанда, аузына салған қатқан нанның да қаншалықты қадірлі екендігін сезеді. Атам қазақ «Аштықта ішкен ашыған қымыранның дәмі қырық жыл ауыздан кетпес» деуінің сыры осында жатыр. Тоқ адамның дәл солай сезуі әсте мүмкін емес. Мұндай қоғамның экономикасы да оңайлықпен құлдырамайды. Аштықты көп көргендіктен атам қазақтың нанды қатты қадірлейтіндіктері де содан. Иә, аштықты сезбеген, мастықтан айыға алмас.

 

Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді

 

Адам баласы өмірге жылап келіп , жылап кетеді. Неге? Өйткені, өткінші фәниде діттеген мақсатына қолы жете бермейді. Кейде жылдар бойы өз мақсатына қарай қадам басады да, орта жолда болдырып, күдерін үзеді. Кейде шыдамы таусылып, қолын бір-ақ сілтейді. Міне, ораза жүйрік пойыздай жүйткіген ғұмырда асқақ арма-нына асыққан адамның иығына сабырдан садақ асады. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр-тізгінін салып, жанарында ойлылық пайда бола бастайды. Бұл ғұмырда нағыз сабыр – өз нәпсісін жеңе біліп, Аллаһ Тағаланың ақ жолында жүруге бел байлау. Ақырет әлеміндегі асқақ шыңнан көз айырмау. Оразаға төзе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады. Сабырлылық күшіне ие болған жан ғана, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Аллаһ сабыр еткендер-мен бірге», – дейді.

«Аср» сүресінде де Аллаһ Тағала:

«Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», – деп баян етеді.

Заманының үлкен ойшылы Имам Ғазали оразаның үш түрі бар екендігін айтады: Жалпыға тән ораза. Яғни, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан аулақ тұру. Аллаһ Тағаланың елден ерек құлдарына тән ораза. Бұл – көз бен құлағын, аяқ-қолы мен өзге де мүшелерін күнәдан сақтауы. Аллаһ Тағалаға жақын адамдардың оразасы. Жүрегі мен ой-сана әлемі Аллаһ Тағаладан өзге нәрседен пәк болуы. Осылай ораза ұстағанға Аллаһ пен ақыреттен өзге ой келсе, оразасы бұзылады. Бірақ діннің байрағын желбіретіп, көкке қадау үшін дүниені ойласа болады. Бұл – толық адамның бейнесі.