Таң 04:22 Күн 05:51 Бесін 12:24 Екінті 16:46 Ақшам 18:48 Құптан 20:17

ЕКІНШІ ОН КҮНДІК – АЛЛАНЫҢ КЕШІРІМІ ЕСЕЛЕНЕДІ

175 www.muftyat.kz

ЕКІНШІ ОН КҮНДІК – АЛЛАНЫҢ КЕШІРІМІ ЕСЕЛЕНЕДІ

 

Рамазан айының он күні де артта қалды. Алланың рақымымен Рамазан айының алғашқы он күні де аяқталып, он бірінші күніне аяқ басып отырмыз. Әз пайғамбар өзінің бір хадисінде Рамазан айының үш бөліктен тұратынын, оның біріншісі – Алланың мейірімі болса, екінші бөлігі – Алланың кешірімі, соңғысы – тозақтан құтылу екендігін айтқан.

Бұл хадис көпшілікке мәлім болғанымен біз нені байқаймыз? Әдеттегідей, Рамазан айы келгенде біздің қуанышымызда шек болмай, оны сағына қарсы аламыз, алайда ортасына келгенде ол шабыт басылып, құлшынысымыз да бәсеңсіп қалғанын аңғарамыз. Дей тұрғанмен, Қадір түні кезінде қайта жанданып, қимастықпен қош айтысамыз.

Бұл жайт көпшілікке таныс, дегенмен соңғы күндері қимастықпен қош айтысып қалудың берер пайдасы шамалы.  Рамазан айының әрбір минуты үлкен маңызға ие болуы тиіс, себебі адам баласының сауапқа кенелуі үшін, кешірімге ие болуы үшін, дұғасының қабыл болуы үшін небір мүмкіншіліктердің есігі ашылады.

Рамазан айының ортасы – Алланың кешіріміне ие болуға ең сәтті кезең. Бұл кезде Алла Тағала Өзінің кешірімін еселей түседі. Айдың ортасы болғанда әр түні, әр күні мыңдаған құлдарын тозақ отынан азат етіп, жәннатпен сүйіншілейді.

Бұл айдағы кез келген құлшылық адам баласына ой салып, өзін-өзі есепке алып, тәубе етуіне көп көмек береді. Тәубе мен кешірімге құлшылық арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Иман келтірген жан үшін құлшылықтың қай түрі болса да еш қиындық тудырмайды. Ықыласты жан қашанда жасаған қателіктері мен күнәларына өкініп, барынша көп  құлшылық жасап қалуға тырысады.

Рамазан айының ортасы болғанда алғашқы кездегі ықылас пен жалынды жаңартып, бұл күндері де уақытымызды тиімді пайдалануға тырысу керек.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

 

«Мен олардың тәубесін қабыл алып, күнәларын кешіремін. Мен тәубелерді қабыл етуші һәм ерекше мейірімдімін»,- дейді. («Бақара» сүресі, 160-аят)

Күллі әлемнің Раббысы, Есеп күнінің Иесі болған Алла Тағаланың уәдесі осы. Әрқайсымыздың қате-кемшілігіміз бар, біреуді ренжітсек, әлдекімнің жанына жара салдық, қолымызда бола тұра жәрдем бермедік, кей кезде өтірік айта салдық, осындай күнә-кемшіліктерді тізбектеп санар болсақ, санына жетпесіміз анық. Бұл күнәлардың қайыры жоқ, олар біздің иманымызға сын, арымызды ауыр жүк болып басып тұр. Олар бізді таза әрі пәк көңіл мен амалдардан тосуда. Дей тұрғанмен, Раббымыз ерекше мейірімді. Бұл күндері Жаратушымыз әрбір күнәмізді кешеді.

Ол бізге: «Міне, кешірімім! Міне, Менің рақымым, қапыда қалмақсыңдар ма?»,- дейді.

Кез келген жұмыр бас пенде Рамазан айында Раббысына тәубесін келтіріп, талмай дұғасын жасар болса, міндетті түрде Оның кешіріміне қол жеткізеді.

Алла Тағала баршамызды қасиетті айдың қадірін білген, Жаратушының рақымына ие болған жандардан етсін!