Қаз Рус Qaz قاز
Таң 06:36 Күн 07:55 Бесін 13:22 Екінті 16:52 Ақшам 18:38 Құптан 19:58

Иғтикәф деген не?

12/04/2019

Иғтикаф жайлы
Иғтикаф – Рамазан айының соңғы он күніне қатысты « суннет муаккада» амалы болып табылады. Өзге күндерде иғтикафқа кіру қажет амал болып саналады, егер адам мешітке ант етіп кірер болса, ол адамға оқшаулану міндет болып қалады.

Оқшаулану- Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істеген амалы екендігін дәлелдейтін деректер келген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келгеннен соң өмірінің соңына дейін оқшауланған. Алайда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл амалды жасамаған сахабаларына наразылық танытпаған, сондықтан да өзі ғана бұлжытпай орындап жүрген амалы- оқшауланудың міндетті екендігін білдірмейді.

Екі сахих кітапта мынандай хадис келеді, Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) былай дейді: «Рамазан айының соңғы он күндігінде Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқайда шықпастан мешітте отыратын, әрі ол бұл амалын Алла Тағала оның жүрегіне тыныштық бермейінше жалғастыратын. Оған қарап жарлары да осылай жасайтын еді».

Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) былай деген: «Рамазан айының соңғы он күні қалған кезде Алла Елшісі түнде өзі тұрып, отбасындағыларды да оятатын. Әрі түндегі құлшылыққа ерекше көңіл бөлетін және де изарын қатты етіп байлап алатын (яғни бұл кезде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп құлшылық жасаған. Изар – бір жапырақ матадан тұратын, дененің төменгі бөлігіне оралатын киім түрі)» (Әл- Бұхари, Муслим).

Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің тақ түндерінен іздеңдер» (Әл- Бұхари)

Иғтикаф сөзінің анықтамасы
Араб тілінен аударғанда «иғтикаф» сөзі, «бір нәрсемен үзбей шұғылдану» деген мағына береді.

Шариғи термин ретіндегі мағынасы- өзге мұсылмандармен бірге оқылатын бес уақыт намаздан тыс, өзге де қосымша құлшылықтарды атқарып, мешіттен шықпастан ғибадат ету.

Әбу Юусуф пен Мұхаммад әш- Шайбани кез келген мешіттегі оқшаулануды жарамды деп тапса, өзге ғалымдар олардың ойларын қуаттайды, өйткені біздің заманымыздағы оқшауланудың оңтайлы жолы осы. Ибн Абидин көрсеткендей, мешітте оқшауланған адамға азық- түлік жеткізіп отыру қажет. Әйел адамдар болса өз үйлерінде иғтикафқа енгендері дұрыс. 

Иғтикафтың пайдасы
Мешітке иғтикафқа енген адам өзінің бар ғибадатын Аллаға арнайды, намаз уақыттарын күтумен болады, білім жинайды, Құран оқып, Алланы көп еске алады. Сондай- ақ ол адам құлшылығы мың айдан да қадірлі болған Қадір түнінде тынбастан ғибадатта болуы үшін әр түнін ұзақ құлшылықта өткізеді.

Сонымен қатар, ұзақ уақыт мешітте болу- адам психологиясына жақсы әсерін тигізеді. Өмірдің уайымы мен қайғысынан арылып, рухани қуаттанып, жүрегіне тыныштық орнайды. Бұл жайлы Құранда да былай деген: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар» (Рағыд сүресі, 28 аят)

Иғтикафты жарамсыз ететін не нәрселер?
Иғтикафты жарамсыз ететін нәрсенің бірі болып, шариғат рұқсат бермеген жағдаймен мешіттен шығып кету болып табылады. Егер иғтикафтағы адам отырған мешітте жұма намазы оқылмайтын болса, ол адам басқа мешітке барып жұма намазына қатысу мақсатында, я болмаса қажеттілігін өтеу мақсатында және де мешіт маңында ғұсыл алатын жер болмай, ғұсыл алу қажет болған жағайларда ғана мешіттен шығуына рұқсат.

Сондай- ақ егер сол адам отырған мешіттің қабырғасы құлаған болса және де  өміріне қауіп төніп бара жатқан жағдайда рұқсат беріледі.

Егегр иғтикафқа кірген адам жоғарыда аталған себептерден тыс мешітті тастап шығар болса, ол адам оқшауланған болып саналмайды. Дәлірек айтқанда оның иғтикафы бұзылады. Егер адам Рамазан айының соңғы он күндігіне ниет етіп мешітке кірген болса, бірақ себепсізден- себепсіз шәууал айының бірінші күніне дейін мешітті тастап кететін болса, жіберген күндерінің орнын толтыруы қажет болады. 

Мұнымен қатар, ерлі- зайыптылардың бір- бірімен жақындасуы, сондай- ақ жақындасуға апартын әрекеттер иғтикафтың жарамыз етеді, себебі ондай әрекеттер жүніптікке апарады. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Мешіттерде (ғибадат етіп) ығтикәфта болған кеште әйелдеріңе жақындаспаңдар» (Бақара сүресі, 187 аят)
Иғтикафтың дұрыс болуының тағы бір шарты – ауыз берік болу, яғни оразада болу. Егер қандай да бір адам мешітке иғтикафқа ниет етіп кірген болса, міндетті түрде оразада болуы шарт.