Таң 04:25 Күн 05:53 Бесін 12:24 Екінті 16:45 Ақшам 18:46 Құптан 20:15

Рамазан айындағы оразаның үкімі

79 Абдуссамад Махат

Рамазан айындағы оразаның үкімі

 

Хақ Тағаланың: «Уа, мүминдер! Бұрынғыларға[1] парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді»,-және: «Сол айда[2] болғандарың ораза ұстасын»,-дегеніне сай,[3] ауыз бекітуге жағдайы келген[4] балиғатқа жеткен[5] әрбір мұсылман ораза ұстауы – парыз ъайн.[6]Бұл мәселеге Құранның осы аяты, сүннәт және ижмаъ[7] дәлел.[8]

Сүннәт мәселесіне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады:«Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Аллаһ Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Оның құлы, әрi Елшiсi»,-деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау».[9]

Ижмаъқа келер болсақ, ғалымдардың барлығы Рамазан айының оразасы парыз екеніне бірауыздан келісіп, бірде-бір мұсылман бұл мәселеге қарсылық етпеген.[10] Осы себептен оразаның парыздығын мойындамаған кәпір болады.[11] Оразаның парыздығын мойындай тұрып, алайда ауыз бекітпеген адам ауыр күнә істеген болады.[12]

 

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

 

[1]яғни, сендерден бұрын болған үмметтерге. («Тафсирүл-Жәләләйн»)

[2]яғни, Рамазан айында. («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»)

[3]«Бақара» сүресі, 183, 185 аят.

[4] қар. «Ораза парыз болудың шарттары» және «Ораза ұстаудың шарттары».

[5] яғни, шариғат талаптарын орындауы міндетті болатын жасқа жеткен ақыл-есі дұрыс мұсылман. Шариғат бойынша ер бала 12 жас шамасында, ал қыз бала етек кiр келген мезгiлден бастап балиғат жасына толған болады. Бала балиғат жасына толысымен мойнына iстеген iсiнiң жауапкершiлiгi жүктеледі. Осы себептен балиғат жасына толғаннан бастап әрбiр мұсылман Аллаһ Тағала бұйырғанын орындауы тиiс.

[6]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах». Парыз ъайн – әрбір мұсылманның өзі орындауы шарт болған амал. Мысалы, күнделікті бес уақыт намаз оқу. Үкімі: орындаған сауапқа қол жеткізеді. Орындамаған үлкен күнәһар болады. Парыздың міндеттілігін жоққа шығарған діннен шығады.

[7]ижмаъ – ғалымдардың ұжымдық қаулысы.

[8]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[9]«Сахихүл-Бухари», «Сахиху Муслим».

[10]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[11]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[12]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».