Қаз Рус Qaz قاز
Таң 07:33 Күн 09:08 Бесін 13:39 Екінті 16:10 Ақшам 17:58 Құптан 19:34

Жетімге қарайласуға асық!

25/05/2017 7465 0 muftyat.kz

Жетімге қарайласуға асық!

Алла тағалаға жақындататын ұлы амалдардың бірі – жетімге қарайласу, оны жебеу. Жетімге қарайласу деген сөз тек қана оған садақа беру, оған бір керекті зат әперу емес. Иә, бұл сөзсіз оған қарайласудың бір бөлігі.     Жетімге барып оның басынан сипасаң жүрегің жұмсарады, көңілің жай табады. Бір риуаятта: «Әрбір тал шашы үшін жақсылық жазылады»,-делінген. Жетімнің жүрегіне қуаныш сыйла, ешқашан ренжітпе. Себебі жетімге жақсы қарау сені Аллаға жақын ететің амалдардың ұлысы.

Кейбір балалары балиғатқа толмаған жалғыз басты аналар біздің қарайласуымызға мұқтаж. Солардың үйіне азық-түлік апарып берсек, керек-жарағын әперсек, олардың көңілін көтерсек сауапты амал болмақ. Кейбіреуі ешқашан ойын-сауық орталықтарында болмауы мүмкін, тіпті оның не екенін де білмеуі ықтимал. Қасиетті Рамазан айында сондай мұқтаж жандардың мұңын бөлісіп, көңілін ауласақ Алланың алдында алар сауабымыз да еселенбек. Сол балаларды разы еткенің үшін әлемдердің Раббысы разы болады. Осы амалың үшін мәңгілік жәннәтті тағдырыңа жазып жіберуі мүмкін. Алла елшісі ﷺ айтады: «Мен және жетімді қамқорлығына алған адам екеуміз жәннәтта былай боламыз»,-деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын біріктіріп көрсетті. Мұқият қарасаң осы екі саусақтың арасы өте жақын. Пайғамбармен ﷺ бірге болу ол не деген бақыт!

Бір күні Алла елшісі ﷺ сахабаларына мына хадисті баяндап береді: «Қияметте жәннәтің есігін ең алғашқы болып мен қағамын (яғни жәннәтқа ең бірінше болып пайғамбарымыз ﷺ кіреді деген сөз). Сол кезде менің артымнан асыға бір әйел келеді, (ол әйел шәһидтерден емес, пайғамбарлардан кейінгі дәрежеде тұратын шыншылдардан да емес, салихалылардан да емес) мен оған: «Сен кімсің?,-деп сұрағанымда, әлгі әйел: «Мен өзімнің жетім балаларыма қарайласқан әйелмін»,-деп жауап береді. Алла тағала Құранда былай деп айтады:

 

﴿وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا﴾

 

«Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді»[1]

 

Бұның барлығын не үшін істейміз, мұндағы мақсатымыз не, бұл ісімізбен не қалаймыз?

 

﴿إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا﴾

 

«Олар: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтан-дырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз»[2]

 

Кейбір момындар мұнымен шектелмей жетімді асырап та алады. Өзі жеген тамақты соған жегізеді, ішкенін ішкізеді, кигенін кигізеді. Жер жүзіндегі ең абзал үйлерге айналады. Ондай үйлерден Алла разы болады. Жетімге қарайласқан үйлер ең абзал үйлер.

Сол жетім балаға көп нәрсе керек пе? Жоқ, оған көңіл бөлудің өзі жүрегіне бақыт сыйлайды. Балаға бір күнге шаққанда өте аз нәрсе керек. Сол аз нәрсе арқылы мәңгілік жәннәтті ұтып алуыға үлкен мүмкіндік туып тұр.

 

﴿وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْعَقَبَةُ ﴿١٢﴾ فَكُّ رَقَبَةٍ ﴿١٣﴾ أَوْ إِطْعَامٌ فِي يَوْمٍ ذِي مَسْغَبَةٍ ﴿١٤﴾ يَتِيمًا ذَا مَقْرَبَةٍ ﴿١٥﴾ أَوْ مِسْكِينًا ذَا مَتْرَبَةٍ﴾

 

«Кедергінің не екенін қайдан білесің? (13) Ол: құл азат ету, (14) Немесе ашаршылық күнде тамақтандыру; (15) Жақындағы болған бір жетімді, (16) Немесе шаң топырақтағы сорлыны»[3], – деген.

 

Сондықтан да, жетімге қарайласуға асығайық! Алла тағала мақтаған құлдардың қатарынан табылуға жазсын!

 

 


 

[1] «әл-Инсан» сүресі, 8-аят

[2] «әл-Инсан» сүресі, 9-аят

[3] «әл-Бәләд» сүресі, 12-16 аяттар