Таң 04:22 Күн 05:51 Бесін 12:24 Екінті 16:46 Ақшам 18:48 Құптан 20:17

Есепсіз сауаптарға бөлейтін Құранды оқуға асығыңыз!

52 muftyat.kz

Есепсіз сауаптарға бөлейтін Құранды оқуға асығыңыз!

Бүгінгі сізбен бірге атқаратын амалымыз Әлемдердің Раббысынан келген оқылуы да, тыңдалуы да, ойлануы да құлшылыққа саналатын қасиетті Құран Кәрімді оқу. Иә, әлбетте Құранды күнделікті оқуымыз – әрбіріміз үшін міндет, Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бірақ, бүгін шамамыз келгенше күндегіден де асырып оқиық. Тек өзіміз ғана емес, отбасымыздағы барлық мүшелер: әкеміз, анамыз, жұбайымыз, баламыз, бауырларымыз баршасы да оқысын. Бүкіл істерін бір сәтке тоқтатып, Алланың кітабын бірге оқиық. Қасиетті Құранды осы Рамазан айында отбасы болып хатым етпесек, басқа қай айда толықтай оқып шығамыз?

Сол үшін Құран оқуға кедергі келтіретін теледидар, компьютер, телефон, әлеуметтік желілер сынды барлық нәрселерді өзімізден алыстатайық. Алла тағала Құранның «Фатыр» сүресі, 29-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنْفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَنْ تَبُورَ

«Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ, өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар, әсте, зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады».

Құран оқуды әдетке айналдырудың зор мүмкіндігі туып тұр. Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар, расында Қиямет күні Құран өзін оқығандарға шапағат етеді», – деп сүйіншілеген. Отбасыңыздың барлығына шапағат етеді, Құранның берекетімен.

Дәл бүгінгі күнді Құран ең көп оқылатын күніңіз етіңіз. Ал ертеңнен бастап Алланың кітабын оқуға арнайы сағаттар бекітіп қойыңыз. Өзіңізге жоспар жасап алсаңыз тіпті керемет болады. Сол жсопарда осы Рамазан айында Құранды осыншама мәрте хатым етемін деп жазып, күнделікті қадағалап отырыңыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Көкірегінде Құраннан ешнәрсе болмаған адам, қирап қалған үй тәрізді», – деген. Сондай-ақ, ондай үйге шайтандар ұялайтындығын да хабарлаған.

Алла тағала қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 30-аятында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құранды оқудан, тыңдаудан бастартқандар туралы уайымын былай баяндайды:

وَقَالَ الرَّسُولُ يَا رَبِّ إِنَّ قَوْمِي اتَّخَذُوا هَذَا الْقُرْآنَ مَهْجُورًا

«Сол күні Алла елшісі де: «Уа, Раббым! Расында, қауымым бұл Құранды мүлдем тәрк қылды», – деп айтады».

Осы шағымның ішіне біз де кіріп кетпесіміз үшін шамамыздың келгенінше Құранмен бірге өмір сүрушілерден болайық. Құранмен бірге өмір сүретіндер (дүние және ақыретте)Алласымен бірге болатындар.

Сонымен, бүгінгі амалымыз бауырым, Құранды өте көп оқу. Қалам мен қағаз алып жоспар сызыңыз. Егер үйіңізде ешкім қасиетті Құранды түпнұсқасынан, яғни арабшасынан оқи алмайтын болса, өздеріңізге ыңғайлы тілдегі мағыналық аудармасын оқып шықса болады.

Алла сізді және сіздің отбасыңызды берекесіне бөлесін! Құранмен бірге өмір сүретін отбасылардан болуларыңызды нәсіп етсін! Құран арқылы жәннаттағы дәрежелеріңіз көтерілсін.