Қаз Рус Qaz قاز
Таң 06:56 Күн 08:28 Бесін 13:04 Екінті 15:42 Ақшам 17:29 Құптан 19:01

Амалдар Алла үшін болсын!

25/05/2017 2404 0 muftyat.kz

Амалдар Алла үшін болсын!

Кез-келген құлшылық қабыл болуы үшін ол Алла үшін жасалуы тиіс. Ал амалдың Алла үшін жасалуы «ыхылас» деп аталады.  Ел ішінде «ықылас» сөзі – «ынта, шын көңіл» деген мағынада қолданылады. Ал шариғи мағынасы: «Құлшылық жасау барысында ниетіңді Алланың разылығынан басқа нәрселерден («адамдар көрсін, естісін» деген ойдан, және адамдардың алғысын үміт етуден) тазалау.

 

Ықылас - тағат-ғибадаттардағы ниет арқылы Аллаға жақын болуды ғана мақсат ету. Ықылас - барша ынтаназарды Аллаға дауамды (үздіксіз) түрде бұруменен адамдардың өзіне деген көзқарастарын ұмыту.

Ықыластың ақиқаты - жүректі, оның тазалығын кетіретін қоспалардан арылту. Расында, қоспа заттар өзгенің тазалығын кетіруі мүмкін. Сондықтан әрбір зат қоспадан арылса ықыласты (таза) болады. 

Ыхылас сөзінің түбірі "Холис" деген сөзден шығады, яғни араб тіліндегі сөздік мағынасы «Холис» - «мұнтаздай таза» деген мағынаны білдіреді.  Құранда Алла тағала «Нахыл» сүресінің 66-аятында сиырдың сүтінің жасалуын айтқан кезде «Холис"деген сөзді қолданған.  «Біз сендерге малдардың қарындарындағы нажасат пен қанның арасынан шығатын, ішетіндерге сүйкімді тап - таза сүтті ішкіземіз». (Нахл: 66) 

Сүттің ішіне кішкентай ғана қыл-қыбыр түссе ашып кететіні сияқты ықылысқа Алланың разылығынан басқа нәрселердің, тіпті шыбынның қанатындай бөлігі  араласса, амалымыз зая кетеді.  Атақты Ислам ғұламасы Фудаил Ибн Ъияд: "Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен де таза болу"- деген. 

Ықылас – істеген амалына Алладан өзге куәларді талап етпеу. Алла тағала бұл турасында Құранда: «Олар Аллаға шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген» - деген. (Байина 5 аят). Ал келесі аятта Алла Тағала: " Ол (сондай Алла) сендердің қайсыларың амал қылуда жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты»-деген. (Мүлк сүресі 2 аят).  Осы аяттың "амал қылуда жақсырақ" - деген бөлігі туралы Фудайл ибн Ъияд: "Амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны"- деп, түсіндірме берген. Сонда қасында отырғандар одан: - Ей Әбу - Әли! Амалдың ең ықыластысы және ең дұрысы қандай болады?- деп сұрады. Сонда ол кісі: "Егер амал шынайы ықыласпен жасалынып, бірақ дұрыс болмаса қабыл етілмейді. Керісінше дұрыс болып, бірақ ықылассыз жасалынса және қабыл емес. Амал ықыласты және дұрыс болғанда ғана қабыл етіледі. Амалдың дұрыс болуы дегеніміз - сүннетке сай келгені, ал ықыласты болғаны – Жалғыз ғана Алланың разылығы үшін орындалғаны"- деп айтты да, сол сөзіне дәлел ретінде “Каһф ” сүресінің 110–шы аятын оқыды. «Кімде–кім Раббысына жолығуды үміт етсе, салихалы амалдар жасасын және Раббысы үшін болған ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін!» Яғни амалдарын орындау барысында оның нәтижесін тек жалғыз ғана Алладан үміт етіп, адамдардан дүниелік мақсаттарды күтпей орындасын. (Каһф:110)

Жүректі тексеретін қос сұрақ Адам баласы жасайтын әрбір амалы үшін, кішісі болсын, үлкені болсын екі сұраққа жауап беруі тиіс. Яғни, «не үшін жасап жатырмын?»  және «қалай жасап жатырмын?» Бірінші сұрақ амалдың жасалу себебі мен онда көрсетілген мақсатты айшықтайды. Ол амал кездейсоқ жәй әрекет пе, жоқ әлде құлшылық хақын орындауға, Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, Оған жақын болуға және Оған апарар жолды талап етуге бағытталған амал ма?.. Ал, екінші сұрақ амалдың қалай жасалғанын көрсетеді. Яғни ол жасалынған амал пайғамбарымыз Мухаммедтің (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) үмбетіне әмір қылған істерінен бе немесе Алланың Өзінің елшісінің тілінде орнатқан шариғатының бұйрықтарынан ба? Жоқ, әлде одан өзге нәрсе ме? Адамның нәпсісі үшін ең ауыр амал Адамның нәпсісі жасаған амалы үшін мақтауды, көрініп қалуды, сол іс үшін сыйлық алуды сүйетін болғандықтан ықылас оған өте ауыр келеді. Сондықтан Сәһл Әт-Тустари (Алла оны рахметіне бөлесін): "Нәпсіге ең қатты тиетін нәрсе не ?" деген сұраққа, "Нәпсіге ең қатты тиетін нәрсе – ықылас. Себебі ықыласпен жасалған амалда нәпсінің ешбір үлесі жоқ", - деген. 

Мәселен  намазды "жұрттың бәрі оқып жатыр ғой; жасым да келіп қалыпты, намаз оқымасам болмайды екен", немесе "ел намаз оқитын адам екен деп ойласын" деген мақсатпен емес, Алла тағала адамды қияметте ең бірінші намаздан сұраққа алатын болғаны үшін, ол Жәннәттің кілті, күнәларымыздан тазалаушы, Аллаға жақындаудың ең биік шыңы, тілектердің қабыл болуының көпірі болғаны үшін оқысаңыз, ықыласпен орындаған боласыз

Әбу-Сағид Әд Худриден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Менің алдымда сендерге Масих-Дәжжәлдан да сендер үшін қорқынышты не екенін хабарлайын ба?» - деп сұрағанда, олар (сахабалар): Иә, Алланың елшісі,— деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Жасырын серік қосу — бір кісі намазға тұрып оқыған кезде басқа кісінің назары ауғандықтан өз намазын көркейтуі" — деді. (хадисті Ахмад жеткізген). Ықыласымыз сүттей таза, құлшылығымыз қабыл болсын!!!