Tań 03:31 Kún 05:10 Besіn 12:19 Ekіntі 17:08 Aqsham 19:19 Quptan 20:58

Кешірім айы Рамазанға бір қадам

98 azan.kz

Кешірім айы Рамазанға бір қадам

Бірде бір бауырымыз өзгелердің Рамазанды асыға күтіп жүргенін көргенде: «Шөлдеу мен ашығу айын өзгелер не үшін асыға күтеді екен?»,- деп өзінің ораза тұтып жүргенін елестете алмағандығын айтып берді. Ораза ұстайтын мұсылмандарға әрі жақындарының ниеттеріне күмәнмен қарайтын. Оның Рамазанға деген алғашқы кездегі түсінігі осындай еді.
 

Бірнеше Рамазан айы өткен соң ол осы айды иманы ілініп- салынып, әлсіреп жүрген бір жылымен салыстырды. Бәлкім, бұл салыстыру дәл түспесе де көпшілігіміздің басымызда бар дүниелер болып шықты.
 

Жыл бойы біз өзіміздің дінімізге қажетсіз бос нәрселермен әуестеніп кетеміз, я болмаса зиянды нәрсемен айналысып қаламыз. Бұл кезде біз жақсы мен жаманға аса мән де бермей кетеміз. Рамазан айы туғанда ғана Аллаға ықыласпен құлшылық ету және күнәдан бас тарту керектігін есімізге аламыз.
 

Мұның себебі, кімде кім шын ықыласпен, Оның разылығы үшін ораза тұтатын болса ол жанға Алла Тағала  Рамазан айында ерекше мейірімін жаудыратынын хабарлаған. Сол себепті де Оның рақымынан ешкімнің құр қалғысы келмейді. Бұл сезім Рамазан айынан ерекше әсер алған әрбір мұсылманның тағы да сол күйге бөленгенді қалайтынын көресетеді. Иман келтірген жан үшін Алланың разылығынан асқан құрмет, Оның қаһарынан асқан құрдым жоқ.
 

Сондықтан да әрқайсымыз Рамазан айындағы жасаған кез келген амалдарымыздың сауабының еселенетінін жақсы білеміз. Ал егер осы қасиетті айдағы амалымыз күнәлі істерден құралар болса, күнәміздің де салмағы артады. Егер Алланың алдында ұнамды іс жасар болсақ, сауаптан аларымыз сөзсіз. Әлбетте иман еткен жан үшін Алла Тағаланың разылығы мен рақымына бөленуден асқан бақыт жоқ.
 

Рамазан айының еренсіз, бейғам жандардың көп нәрседен құр қалып, ықыласты жандардың сауап пен берекеге кенеліп, рухани толастайтын шағы екендігі кез келген мұсылманның жадында жүрер жайт. Бұл айда бейғам жандар ғана уақытын текке өлтіреді.
 

Бүгінде біздің әлгі бауырымыз Рамазанды бұрындары өзі күмәнмен қараған адамдар қалай асыға күткен болса, мүбәрәк айды өзі де дәл солай бізбен бірге тебірене, тағатсыз күтуде.   
 

Ол бауырымыз бүгінде Алла парыз еткен бес уақыт намазын оқиды. Кезінде ақылына қонбаған сол бес уақыт намаз қазыр ол жан үшін ауадай қажет нәрсеге айналды. Ендігі жерде намаздың емес намазсыз өмірдің мәні болмай қалды.
 

Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың иглігігі мен сәлемі болсын) хадистерінде Рамазан айының қадір- қасиеті жайлы аз айтылмағандықтан біз оның барлығын келтіріп жатуды жөн көрмедік, себебі осы оқиғаның өзі бір кітап болып шығуға тұрарлық.
 

Алайда алғаш рет ораза тұтқалы отырған жандарға, сондай- ақ аузымды бекітсем бе, жоқ па деген күмәнда жүрген жандарға айтарымыз бар.
 

Біз сіздерді қорқыныш пен күмәннан арылып, мүбәрәк айға қадам басуға шақырамыз.  Алла Тағала да: «Егер құлым Маған бір қадам жасар болса, Мен оған  бір кез жақындаймын. Егер ол Маған жүретін болса, Мен оған жүгіремін»,- деді емес пе?!
 

Ар адамның жүрегінде иман дәнегі бар, сол өскіннен Есеп Күні мен Махшар алаңына жиналар күні аптап ыстықтан бізге сая болар алып бәйтерек өсуі үшін ол дәнге күтім қажет.
 

Ораза кезіндегі біздің шөліміз сол дәнге ақ жауын іспетті құйылады. Ал Рамазан айында ешбір себепсіз қарындарын толтырушылар имандарын суаратын ылғалдан құр қалғандықтан иман дәнегі қуарып, солып қалады.
 

Біздің әрқайсымыз өлім дәмін татамыз. Әрі ешбір пенде келесі Рамазан айына жетемін деп нық сеніммен айта алмайды. Алайда Алла Тағала Өзі уәде еткеніндей ораза ұстаушыға сауаптан жазады әрі ол жан Алланың алдына барғанда құрметке ие болары сөзсіз.
 

Амалдар қабылданбайтын әрі артқа қайта алмайтын күнге даяр болу керек, өйткені ол күні барлық амалдар тоқтатылады да біз өзіміз үшін ешнәрсе жасай алмаймыз...
 

Біз ағаларымыз бен әкпелерімізді жас айырмашылықтарына және дәрежесіне қарамастан адам өмірінің соңы болатынын әрі өмірмен  аяқ  асты қоштасатынымызды ұмытпауды және де Алланың бізге жүктеген міндеттерінің бар екендігін және де сол міндеттерді орындаған жанға сауапты уәде еткендігін ескеруге шақырамыз.
 

Онымен кездесуге қадам басыңыз. Ол сіздің Ораза кезіндегі шөліңізді иманның тәтті дәмімен суарады әрі сіз иманның шынайы дәмін татасыз.
 

Бір ғана қадам басыңыз, Алла Тағала сізге Өзінің мейірім есігін ашады, ал егер сол жолда табаныңыз нық болып жүрер болсаңыз, осы ғұмырыңыз біткен кезде мейірім есігінен кіресіз.
 

Тіпті сіз әлі намаз оқымайтын болсаңыз да, әлі де орамал тақпаған болсаңыз да осы бір мүбәрәк Рамазан айындағы оразаны келесі жылға қалдырып, бос жіберіп алмаңыз. Келесі жылы кім бар, кім жоқ... Сондықтан да сіздің осы мүбәрәк айда жасаған қадамыңыз Есеп Күні таразыға тартылатын амал дәптеріңізге сауап болып жазылады. Алла Тағала баршамыздың амал дәптеріміздегі сауапты амалдарымыздың ауыр тартуын нәсіп етсін.
 

Біз бүлікке толы уақытта өмір сүрудеміз. Адамзат тарихының ақырының бір белгісі- уақыттың берекесінің жоғалуы. Айлар апта секілді зымырап жатса, апталар бір күндей өте шығып, күніміз сағаттай зулауда. Ал біз болсақ бұрынғыдай жас әрі сергек, ширақ емеспіз.
 

Өміріміз қалай зымырап бара жатқанын байқамай қалудамыз. Ана өмірге өзіміз жасаған әрі біздің бағымызға я сорымызға куәлік ететін амалдан өзге ешнәрсе алып кете алмаймыз.

Олай болса қалған аз ғана уақытымызды бағалап, оны босқа өткізіп, пайдасыз нәреге жұмсағанша келе жатқан қасиетті ай – кешірім мен рақым айы болған Рамазанмен өмірдің жаңаша бір кезеңін тап- таза парақпен ашайық.
 

Алла Тағаладан келе жатқан Рамазан айында үмметіміздің иманын арттырып, бізді оразамен, ғибадатпен тазартуын және де бүлік пен адасушылықтан сақтауын сұраймыз. Біздерді ғапылдық пен надандықтан сақтасын. Әмин.