Tań 04:22 Kún 05:51 Besіn 12:24 Ekіntі 16:46 Aqsham 18:48 Quptan 20:17

Үнемі күлімсіреп жүр!

69 muftyat.kz

Үнемі күлімсіреп жүр!

Үнемі күлімсіреп жүр! Әрбір күлімсіреуің – садақа!

Біз көп жағдайда жымиюға себептер туындаған кезде ғана езу тартамыз. Егер бүгінгі күнімізді күлімсіреп жүруге арнасақ қалай болар еді?! Күнделікті күйбең тірліктің соңында жүріп шаршаған, қажыған жанның жүзіне күлімсіреп бір қарасаңыз оның да көңілі көтеріліп шыға келер едіПайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың – садақа», – деп сүйіншілеген еді. Олай болса, күнімізді садақаға толтыруға не кедергі?!

Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым күлімсіреп жүретін. Абдулла ибн Жәрир (р.а.) есімді сахаба Алла елшісінің (с.ғ.с.) әрдайым күлімсіреп жүретіндігін тілге тиек етіп: «Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) күлімсіреген қалпынан өзгергенін көрген емеспіз», – деп, дәлел ретінде көптеген оқиғаларды риуаят етеді. Тіпті, Әлемдерге рақым етіліп жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) күлімсіреген сәттерін бейнелеген ғұламаларымыздың қаншама кітаптары жарық көрді. Қалың-қалың кітаптардың ішінде тек қана күлімсіреуімен байланысты оқиғалары жазылған.

Олай болса, дүниенің қиыншылықтарына, сәтсіздіктеріне, сынақтарына, уайымдарына назар аудармастан жолымызда кездескен әрбір жанға шынайы ықыласпен күлімсіреп қарауға тырысайық. Мен шаршап тұрмын, оразамын, көңіл-күйім жоқ, қарыздарым көп, проблемаларым да жетерлік – деп айтушы болмасақ, бүкіл қиындықтарымыздың алдында өзіміздің үстемдігімізді көрсетер едік. Себебі, адам өз көңіл-күйінің құлы емес әміршісі болуы тиіс.  

Алла тағала әр күндерімізді ізгілікке толы амалдарды көптеп жасауымызды нәсіп етсін!