Таң 04:25 Күн 05:53 Бесін 12:24 Екінті 16:45 Ақшам 18:46 Құптан 20:15

РАМАЗАН – МҮМКІНДІК АЙЫ

49 www.muftyat.kz

РАМАЗАН – МҮМКІНДІК АЙЫ

 

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді:

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар»[1].

Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.

Құран Кәрімде Алла Тағала:  «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді»[2], – деп бұйырған.   

 

Қазақтың атақты жырауы Асан қайғы[3] бабамыз кешірім жайында бір жырында:

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, – деп қандай керемет айтқан десеңші!

 

Пайғамбарымыз ﷺ бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі»[4], – деген.

Сондай-ақ, Алла Елшісі ﷺ тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы –рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген екен. Ал, Алла Тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!

Пайғамбарымыз ﷺ өзінің бір хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді:

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

 «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[5].

Қараңызшы, шынайы сеніммен бір ай ораза ұстасаңыз болғаны, әлемдердің Раббысы сіздің барлық күнәларыңызды кешіруге дайын. Бұл – тек Мұхаммед ﷺ үмметіне берілген асыл сый. Өйткені, Алла Елшісі ﷺ өзінің құдси хадисінде оразаның тұтқан адамның Алла алдында орны ерекше екенін былай жеткізеді:

قَالَ اللّٰهُ: كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ إِلَّا الصِّيَامَ فإِنَّهُ ليِ وَ أَنَا أَجْزِي بِهِ

«Ұлылығы шексіз Алла Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген»[6].

 

Пайғамбарымыз ﷺ тағы бір хадисінде:

 لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ يفْرَحُهُمَا: إِذَا أَفْطَرَ فَرِحَ بِفِطْرِهِ وَ إِذَا لَقِيَ رَبَّهُ فَرِحَ بِصَوْمِهِ

«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады»[7], – деген.

Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз өзіңді жаңарту, жаңғыру айы.

Алла елшісі ﷺ былай деді:

مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ أَنَّهُ لاَ يَنْقُصُ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئٌ

«Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді»[8].

Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі ﷺ былай дейді:

 الصِّيَامُ جُنَّةٌ يَسْتَجِنُّ بِهَا الْعَبْدُ مِنَ النَّارِ

 

«Ораза қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз ﷺ тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Оразамен аштыққа, шөлге т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.

Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай,  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады»[9], – деп өсиет қалдырған. Бұл өсиет даналық бұлағындай болған біздің ауыз әдебиетімізде қалай өрілді екен, соған мән берсек.

 

Асан қайғы бабамыз тағы бір жырында:

...Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі жоқ терең қуысқа?!» – десе,  Абай атамыз:

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – дейді.

 

Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға  жинауға  тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

Алла Тағала жасаған ғибадаттарымыз бен тақуалығымызға орай  жұмақ нығметтерiн сыйға тартады. Бұл жайында хадис шәріпте былай делінеді:  

أَكْثَرُ ما يُدْخِلُ النّاسُ الْجَنّـةَ تَقْوَى اللهِ وَ حُسْنُ الْخُلْقِ

«Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе тақуалық пен көркем мінез». Ал, осы шынайы тақуалықты адам баласы Рамазан айында сезінеді. Ал, ондай кісі  жәннатқа лайық. Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның келесі қасиеті ол – көркем мінез. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға хасат (қызғаныш) қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.

Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан-дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.

Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез-келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан, нәпсісін тежеп жасалған тарыдай ғибадат ықылассыз орындалған таудай құлшылықтан артық.   Баяғы өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», – деген екен. 

Алла Тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл, жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал, адамзатты жаратып, ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелерде нәпсі болмағандықтан, Алланың әмірін бұлжытпай орындайды. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан, олардың бар мақсаты – қарынды тойдырып, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал, адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы мына дүниеге сынақ үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылымен періштелер дәрежесін бағындырады, немесе   нәпсіқұмарлыққа салынып жануарлар секілді қарын мен жыныстық сезімінің қамын ойлаумен күн кешеді. Демек, адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерік берген адамгершілігінен айырыла береді.

 

Қазақтың көрнекті ақыны Нұртуған Кенжеғұлұлы нәпсі туралы бір жырында:

Өзімшіл адамдыққа нәпсі масыл,

Зұлымдық сол үйретер айла, тәсіл,

Жаралған бойыңдағы бар мүшеңнен

Таза ұстай білсең егер жүрек асыл.

Махаббат, мейірім, ынсап, қанағаттық,

Ар, ұят, қайрат, жігер, сабыр, сақтық.

Таза ой, таза ақыл, таза ниет,

Сақтайтын осыларды жүрек – сандық, – деп қандай дөп басып айтқан.

 

Осымен қатар, ораза денсаулыққа да көп пайдалы. Мына кереметті қараңыз, қазіргі таңда Еуропада науқастарды аштықпен емдеу әдіс-тәсілі кең етек жаюда. Бұл мәселеде кезінде XIX ғасырдың аяғында физотерапия саласының майталман маманы, неміс ғалымы  Эрет Арнольд[10] оразамен емдеу орталықтарын ашып, небір жазылмас науқастарды емдеп, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Сөйтіп, Эрет Батыстың көптеген елдері мен қалаларында  (Fasting senter)[11] орталықтарын ашқан. Эреттің ерекшелігі сол – Батыстың медицина саласының ең мықты 24 ғалымы оған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы нефрит[12] науқасынан осы аштықпен емделу (ораза ұстау) арқылы жазылып кеткен. Ал, мұсылман жұртшылығына Алла Тағала ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ, жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айында  ораза ұстау деген үлкен нығметін беріп қойған. Ораза ұстаудың денсаулыққа орасан пайдалы екендігі жоғарыда келтірдік, әлдеқашан дәлелденіп қойған. Біле-білгенге ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам ағзасына өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Егер адам ұзақ мерзімге ұйқыдан не тамақ жеуден тыйылса денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны секілді, адам баласы ораза ұстамаса да ағзаларына зиян келетіні анықталып отыр. Мамандар ораза ұстау мына ауруларға ем дейді:   

  1. Жасушалар жаңарып, ескілері жойылады;
  2. Қант ауруына тосқауыл болады;
  3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді;
  4. Тері ауруларына пайдалы;
  5. Тұз байлану аруына пайдалы;
  6. Қан қоюлануының алдын алады;
  7. Ағзаларды улы заттардан тазартады;
  8. Ас қорыту жүйесі дем алады;
  9. Жағымсыз тәуелділіктерден арылтады;
  10. Қан қысымын түсіріп, бас ауруының жазылуына пайдалы.

 

Оразаның бір күндік жоспары

Таң намазына дейін;

          1- Таһаджүд намазына тұру; Түннің жартысынан бастап, сәре уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһажжүд намазы» дейді. Тәһаджүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін. Алла Тағала бұл намаз жайында:

 أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاءَ اللَّيْلِ سَاجِدًا وَقَائِمًا يَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَيَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ ۗ 

Түн ішінде Аллаға бас иіп, сәждеге жығылып һәм тікесінен тік тұрып құлшылық еткен, ақыреттен қорқатын және Раббысының шексіз рақымынан үміт ететін (мүмін) адамдар бола ма?![13] деген.

2- Cәресіге ояну; Себебі Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде:

تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السُّحُورِ بَرَكَةٌ

«Сәресіге тұрыңдар сәресіде үлкен береке бар»[14], деген. Тым болмаса бір жұтым су ішудің өзі сәресін орындаған болып есептеледі.

3- Азан айтылғанға дейін истиғфар айту; Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ

Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін,[15] деп, таң намазына тұрып, құлшылық жасайтын адамдарды дәріптеген.

Таң намазы кіргеннен кейін;

1- Таң намазының екі бас сүннетін орындау; Пайғамбарымыз ﷺ өзінің мүбәрак хадисінде:

( رَكَعَتَا الْفَجْرِ خَيْرٌ مِنْ الدُّنِيا وَمَا فِيها )

«Таң намазының екі бас сүннеті бұл дүниедегі барлық нәрседен абзал»[16] деген.

2- Таң намазының парызы оқылғанша зікірмен айналысу; Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінде:

 ( الدُّعاءُ لَا يُرَدُّ بَيْنَ اْلأَذَانِ وَالْإِقَامَةِ )

«Азан мен қаматтың арасында жасалған дұға қайтарылмайды»[17], деген.

3- Таң намазын жамағатпен оқу; Рамазан айында абзал болған амалдардың қатарында жамағат намазы соның ішінде таң намазының парызын жамағатпен оқу. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:

مَنْ صَلَّى الْغَدَاةَ فِي جَمَاعَةٍ ثُمَّ قَعَدَ يَذْكُرُ اللَّهَ حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ ، ثُمَّ صَلَّى رَكْعَتَيْنِ ، كَانَتْ لَهُ كَأَجْرِ حَجَّةٍ ، وَعُمْرَةٍ ، تَامَّةٍ ، تَامَّةٍ ، تَامَّةٍ

«Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқып, күн шыққанға дейін Алланы зікір етіп отырса, одан кейін екі ракағат намаз оқыса толық қажылық, умра жасағандай сауап алады»[18], деген.

Таң намазынан кейін;

Аллаға тәуекел етіп, Алланың нәсіп еткен ризығын талап ету әрбір мұсылманның парызы. Рамазан айы еріншектердің айы емес. Адам оразасын себеп қылып, оқуына, жұмысына салғырт қарауға болмайды. Керісінше дұғалар қабыл болып, береке есіктері ашылған айда ризық талап етуде көбірек ыжтаһадтылық танытуы қажет. Пайғамбарымыз ﷺ:

مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ وَإِنَّ نَبِيَّ اللَّهِ دَاوُدَعَلَيْهِ السَّلَام كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ 

«Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (Алланың оған сәлемі болсын) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген»[19].                                                               

Садақа беру;

Жарты құрманың құнындай болсын садақа беру, мұсылман бауырыңның қажетіне жарау, тіпті жолда жатқан кедергіні алып тастау бұның  барлығы садақа бергендей сауапқа кенелтеді.

وَعَنْ عدي بن حاتم رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةِ.

Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз ﷺ: «Жарты құрма болса да беріп оттан сақтаныңдар»[20], - деді.

Құран қатым жасау;   

Алланың сүйікті елшісі ﷺ:

"مَنْ قَرَأَ حَرْفاً مِنْ كِتَابِ اللهِ فَلَهُ حَسَنَةٌ، وَالْحَسَنَةُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا، لاَ أَقُولُ ألـم حَرْفٌ، وَلَكِنْ أَلِفٌ حَرْفٌ، وَلاَمٌ حَرْفٌ، وَمِيمٌ حَرْفٌ"

«Кiм Алла Тағала Кiтабының бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим»-дi бiр әрiп демеймін. Бәлкiм,«әлиф»бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп»[21],-деген.  Ораза кезінде Құранды хатым ету мәселесіне келер болсақ, Расулулла ﷺ:

"الصِّيَامُ وَالْقُرْآنُ يَشْفَعَانِ لِلْعَبْدِ يَقُولُ الصِّيَامُ رَبِّ إِنِّي مَنَعْتُهُ الطَّعَامَ وَالشَّرَابَ فِى النَّهَارِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ وَيَقُولُ الْقُرْآنُ رَبِّ مَنَعْتُهُ النَّوْمَ بِاللَّيْلِ فَشَفِّعْنِي فٍيهٍ فًيُشَفَّعَانِ"

 «Ораза мен Құран Қиямет күні пендеге шапағат етеді. Ораза: «Я, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-десе, Құран: «Я, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі»[22],-деген.

Бесін намазы;

Күнделікті күйбең тіршіліктен кейін бір сәт тынығып, рухани, дүниелік амалдарға қарқынды білек сыбана кірісу үшін адамдар мешітте бесін намазына жиналады. Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында:

إِنَّ رَسُولَ اللهِ   عَلَّمَنَا سُنَنَ الْهُدَى ، وَإِنَّ مِنْ سُنَنِ الْهُدَى الصَّلَاةَ فِي الْمَسْجِدِ الَّذِي يُؤَذَّنُ فِيهِ

Алланың елшісі біздерге тура жолды үйреткен еді сол тура жолдың ең маңыздылары – азан шақырылған мешітте намаз оқу[23].

Бесін намазынан кейін 15-20 минуттай көздің шырымын алу пайғамбарымыздың ﷺ сүннетінен. Бұл сіздің түнгі құлшылықтарыңызда белсенді болуыңызға жәрдемдеседі.

Екінті намазы;

Екінті намазын алдындағы бекітілмеген төрт бас сүннетімен бірге оқу үлкен сауап. Пайғамбарымыз хадисінде бұл жайында:


«رَحِمَ الله امْرَأً صَلَّى قَبْلَ الْعَصر أَرْبَعاً»

«Алла екінті намазының алдындағы төрт бас намаз оқыған адамды мейіріміне бөледі»[24].

Ақшам намазы;

Күні бойы ораза ұстап, нәпсісін шыңдап барлық күнәлардан бойын аулақ ұстаған адам ауыз ашар алдында күн ұясына батпай тұрып дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак хадисінде:

 ثلاثة لا تُرَدُّ دَعْوَتُهُمْ وَ ذَكَرَ مِنْهُمْ وَالصَّائِمُ حِينَ يُفْطِرُ

«Дұғаның үш түрі қайтарылмайды соның ішінде ауызашарда ораза ұстаушының дұғасы»[25] деп келген.

Ауызды құрма немесе сумен ашқаннан кейін кешіктірмей ақшам намазын жамағатпен оқу абзал амалдардан.

Ауыз ашарды жанұямен, жақын туыстармен өткізген абзал, өйткені жұбайыңның, бала-шағаңның сенде хақысы бар. Ауыз ашар кезінде сабырсыздыққа беріліп шамадан тыс тоя жеу сізге зиян. Шамадан тыс тамақ жеу сіздің тарауық намазыңызға және басқа да құлшылықтарыңызға кері әсерін тигізеді.

Құптан намазы;

Бес уақыт намаздың бірі құптан намазын жамағатпен оқығаны үшін өлшеусіз сауаптарға кенелсе, тарауық намазының орны мүлдем бөлек. Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак хадисінде:

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[26]деген.

 

Алла Тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

 

 


 

 

[1] «Бақара» сүресі, 183-аят.

[2] «Әли Ғимран» сүресі, 134-аят.

[3] Асан қайғы Сәбитұлы (XIV-XV) мемлекет, қоғам қайраткері, ақын, жырау, би және философ. Осымен қоса, Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған.

[4] Имам Бұхари, Муслим риуаят еткен.

[5] Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен.

[6] Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен.

[7] Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен.

[8] Тирмизи риуаят еткен.

[9] Ибн Мәжә хадистер жинағы

[10] Эрет Арнольдтың (1866 т./1922 ө.) «Тірі қорек», «Аштықпен және жемістермен емдеу», «49 күнгі  аштықтың тәжірибесі» сынды т.б. еңбектері оразамен емдеуге арналған.  

[11] Қазақшалағанда «Ораза орталығы» дегенді білдіреді.

[12]Бүйректің қабынуы, ісуі.                   

[13] Зумар сүресі 9-аят.

[14] Бұхари хадистер жинағы

[15] Зарият сүресі, 18-аят.

[16] Тирмизи хадистер жинағы

[17] Әбу Дәуіт хадистер жинағы.

[18] Тирмизи хадистер жинағы

[19] Бұхари хадистер жинағы

[20] Бұхари хадистер жинағы.

[21] Тирмизи хадистер жинағы

[22] Әл-Хаким хадистер жинағы

[23] Муслим хадистер жинағы

[24] Әбу Дәуіт хадистер жинағы

[25] Тирмизи хадистер жинағы

[26] Бұхари хадистер жинағы