Таң 04:25 Күн 05:53 Бесін 12:24 Екінті 16:45 Ақшам 18:46 Құптан 20:15

Рамазан айында Құран оқудың артықшылығы

151 Абдуссамад МАХАТ

Рамазан айында Құран оқудың артықшылығы

Қасиетті Құран, біреулер түсінгендей, тек құдайы, жаназада оқылатын кітап емес. Құран – құлшылық заңы, тіршілік үрдіс

Сондықтан да өзін Мухаммад пайғамбардың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметі деп есептеген әрбір пенде өз-өзіне: «Тіршілігім Құранның талабына сай ма? Мен Құранда айтылғанды орындап жүрмін бе?»,-деген сұрақ қоюы тиіс.

Құран оқу өте сауапты сүннәт амалына жатады. Адам, тіпті, Құранның араб тіліндегі мағынасын түсінбесе де, ол Алла Тағаланың сөзі екеніне шынайы жүректен сене отырып ықыласпен оқығаны өз алдына сауапты іс.

 

Хақ Тағала «Исра» сүресінің 82-ші аятында: «Біз мүминдерге шипа және рахмет болған Құран аяттарын түсіреміз»,-дегеніне сай, Құран – жан мен тәннің дауасы.[1]

 

Алла Тағаланың разылығына лайық пендеге Құранның шапағаты екі дүниеде де нәсіп болары сөзсіз. Алайда, біз Құран ең алдымен мәйіттерге емес, тірілерге арналған Кітап екенін түсінгеніміз жөн. Себебі: «Алла Тағалаға иман келтіріп, Оған бойсұныңдар. Намаз оқып, ораза ұстаңдар»,-деп өлген кісіге айтып не қажет. Құранның шапағатына осы дүние мен о дүниеде лайық болуының ең әуелгі шарты – тірі шақта Оны Алла Тағаланың сөзі деп мойындап, ондағы айтылғанды орындау.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Сендердің Алла Тағалаға бет бұрып, Оған жақындауларыңа Одан тікелей келген нәрседен[2] абзал септігін тигізетін ешнәрсе жоқ».[3]

КСРО-ның жетпіс жыл бойы жүргізген жаппай дінсіздендіру саясатының салдарынан атам заманнан мұсылман болған қазақ иманнан айырылып, дінсіз күй кешті. Нәтижеде Ақырет үшін ешбір құны жоқ дүние «асылға» айналды. Қаншама ата-ана баласы ағылшын, неміс, француз т.б. тілде тақпақ айтып, ән шырқағанын мақтан тұтады. Неге сол балаларға өзге тілді үйретумен қатар араб тілін үйретпеске?! Әлде, олар жәннатқа ағылшын өлеңін айтып кіре ме?!

Хақ Тағала: «Әрбір тіршілік иесі өлімнің дәмін татады. Сосын Бізге қайтарыласыңдар»,-дегеніне сай,[4] дүниеде мәңгі жасаған пенде жоқ. Ақыретті қанша есінен шығарғанымен өлімнен құтыла алмайды. Кезі келгенде топырақтан жаратылған жан топырақпен қауышады. Адам баласы ертең-ақ жер қойнында бір төмпешік болып қалары хақ. Бұйырған жандар бір кезкебінін ала кетер, болмаса ол да белгісіз.Мұсылман үш күндік «жұлдыздың» тіршілік үшін мәнісі жоқ өлеңін айтқаннан гөрі, Құран оқып, жаттағаны абзал емес пе? Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қызығушылық тек екі түрлі адамға тән. Бірі – Алла Тағала оған Құран ілімін бергеннен кейін, ол онымен күндіз-түні амал еткен адам. Екіншісі – Алла Тағала оған дәулет бергеннен кейін, ол оны күндіз-түні Алла Тағала жолына жұмсаған адам»,-деген.[5]

Әбу Зарр (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен: «Уа, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Маған насихат берсеңіз»,-деп өтінгенімде, Ол: «Тақуа бол! Себебі, тақуалық барлық игі істің негізі»,-деді. Сонда мен: «Уа, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Маған тағы насихат берсеңіз»,-деп өтінгенімде, Ол:«Әрдайым Құран оқы. Себебі ол сен үшін жер бетіндегі нұр, Ақыреттегі азығың»,-деді».[6]

Тақуалық – әрбір игі істің негізі. Себебі, Хақ Тағаладан қорыққан адам күнәға бармайды әрі ешқашан қиындыққа тап болмайды. Бұл мәселеге қатысты Алла Тағала «Таләқ» сүресінің 2-3-ші аяттарында: «Кім Алла Тағаладан қорықса,[7] Алла Тағала ол үшін дүние және Ақырет қасіретінен құтылар жолын ашады. Әрі оны күтпеген жерден ризықтандырады»,-деген.[8]

Имам Муслим риуаят еткен хадистің бірінде: «Жаман қылығы Алла Тағаладан алыстатқан адамның тегі Хақ Тағалаға қайта жақындата алмайды»,-делінген.[9] Шыққан тегі асыл бола тұрып, бірақ істегені күнә мен жағымсыз іс болған адамның дәрежесі тақуа, әрі Жаратушысының әміріне бойсұнушы пенденің дәрежесімен тең келмейді. Бұл мәселеге қатысты Хақ Тағала «Хужүрат» сүресінің 13-ші аятында: «Ақиқатында Алла Тағаланың алдында ең құрметтілерің – тақуаларың»,-деген.[10]

«Құран – жер бетіндегі нұр» болу мәселесіне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Аспандағы жұлдыздар жердегілерге жарқырап көрінсе, Құран оқылған үй де аспандағыларға солай жарқырап көрінеді»,-деген.[11]

Жоғарыда «Оразаның артықшылығы» тақырыбында ораза үшін берілетін сауаптың мөлшері туралы да айтылды. Имам Тирмизи Абдуллаһ ибн Масъудтан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Кiм Алла Тағала Кiтабының[12] бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим»-дi бiр әрiп демеймін. Бәлкiм, «әлиф» бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп»,-деген.[13]Қасиетті Құран алты мыңнан астам аяттан[14] тұрса, аяттардағы әріп саны қанша болмақ?! Рамазаннан тыс уақытта әр әріп үшін амал кітабымызға бір жақсылық жазылып, кейін ол он есе артса, ораза кезінде оқылған Құранның сауабы қандай болмақ?!

Ораза кезінде Құранды хатым[15] ету мәселесіне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза мен Құран Қиямет күні пендеге шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-десе, Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет»,-дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі»,-деген.[16]

Осы айтылғанға сай Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бен сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) түні бойы көз ілмей Құран оқып, таң атыратын әдеттері болған.[17]

Осы жерде Құран хатымы жайында айтсақ орынды болады. Құранды бастан-аяқ оқып шығуды «хатым» деп айтады. Хазреті Осман (родиял-лаһу ғанһу) «кейде үтір уәжіп намаздың бір рәкәғатында Құранды хатым ететін» деген сөз бар. Сол тәрізді Абдуллаһ ибн Зубайр да (родиял-лаһу ғанһу) Құранды бір түнде хатым ететін. Саъид ибн Жүбәйр (родиял-лаһу ғанһу) Қағбаның ішінде оқыған екі рәкәғат намазында Құранды хатым еткен болатын. Сәбит Бунәни және Әбу Харра (рохматул-лаһи ғаләйһума) бір түн, бір күнде Құранды хатым ететін.[18]

Әбу Шейх Һунай (рохматул-лаһи ғаләйһи) айтады: «Мен бір түні Құранды екі рет хатым еттім. Үшіншісінде Құранның он парасын[19]оқыдым. Егер қаласам үшінші рет хатым етер едім»,-деген.[20]

Солих ибн Кәйсан (рохматул-лаһи ғаләйһи) қажылық сапарына шығып, жолда көп жағдайда бір түнде Құранды екі рет хатым ететін.

Мансур ибн Зазан (рохматул-лаһи ғаләйһи) зұха намазында тұрып Құранды бір мәрте хатым ететін. Екінші хатымды бесін мен аср намаздарының арасында ететін. Кейін түні бойы нәфіл намаз оқитын. Оның көп жылайтыны соншалық, тіпті, сәлдесінің ұшы суланып кететін.[21]

Мухаммад ибн Насыр (рохматул-лаһи ғаләйһи) «Қиямүл-ләйл» еңбегінде жазғанындай ізгі адамдардың көпшілігі жоғарыда айтылғандай амал ететін.[22]

Имам Шафиғи (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан айынан тыс уақытта Құранды күніне бір рет хатым етсе, Рамазан уақытында күніне Құранды екі рет хатым ететін. Әс`уад (рохматул-лаһи ғаләйһи), Солих ибн Кәйсан (рохма-тул-лаһи ғаләйһи), Саъид ибн Жүбәйр (рохматул-лаһи ғаләйһи) т.б. әдеті осылай еді.[23]

Рамазаннан тыс уақытта да Құранды күніне екі-үш рет хатым ететіндер де баршылық болатын. Мәселен, Омардың (родиял-лаһу ғанһу) халифалық дәуірінде Мысырды иелену жорығына қатысқан әрі Муғауияның халифалық дәуірінде қассастың[24] әмірі етіп тағайындалған атақты табиғиндердің бірі Суләйм ибн Ъатр (рохматул-лаһи ғаләйһи) Құранды күніне үш мәрте хатым етуді әдетке айналдырған.[25]

Имам Науауидің (рохматул-лаһи ғаләйһи) «Китәбүл-Әзкәр» атты еңбегінде «Құранды хатым ету» бабында тәулігіне Құранды ең көп хатым еткен Ибн Әл-Кәтиб (рохматул-лаһи ғаләйһи) жайында жазылған. Оның күніне Құранды сегіз рет хатым ететін әдеті болатын.[26]

Имам Ахмад: «Құран хатым ету санының шектеуі жоқ. Барлығы Құранды оқитын адамның әрекетіне байланысты»,-десе, тарихшылар: «Имам Ағзам (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан айында Құранды алпыс бір мәрте хатым ететін. Бір мәрте күндіз, бір мәрте түнде және бір мәрте Рамазан бойы оқылатын тарауих намазында»,-деген.[27]

Құранды хатым ету мәселесі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты. Себебі, сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) көбісі Құранды үш күннен аз мерзім ішінде хатым ететін. Сонымен қатар, ғалымдардың көпшілігі Құранды хатым ету уақытына шектеу қоймаған. Әркім шама-шарқына қарай хатым етсе болады. Мәселен, кейбір ғалымдар бір айда бір хатым ету керек, егер жеті күнде хатым етсе одан да жақсы деген көзқарасты ұстанып: «Сахабалар (родиял-лаһу ғанһум) әдетте солай ететін. Хатымды жұма күні бастап, әр күні бір мәнзил, яғни Құранның 1/7 бөлігін[28] оқып, бейсенбі күні тәмамдаңдар»,-деген.[29]

Имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Жылына екі рет хатым ету – Құранның ақысы»,-деген.[30]

Рамазан айында тарауих намазында Құранды бір рет хатым ету – сүннәт.[31]Мәселен, Құран хатымын Рамазанның бірінші түні бастап соңғы түнінде аяқтаса болады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ.[32] Тек бұл мәселеде имам жамағатты қашырып алмау мәселесін ескерген жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелерді оқығаны абзал.[33]

 

 

Абдуссамад МАХАТ



 

[1]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[2] яғни, Құраннан.

[3] хадисті Әбу Зардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад, Имам Тирмизи және Имам Әл-Хаким риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[4] «Ъанкәбут» сүресі, 57 аят.

[5] хадисті Абдуллаһ ибн Омардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Тирмизи және Имам Насаи риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[6] хадисті Әбу Зардан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Хиббан риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[7] яғни, тақуа болса.

[8]«Фадаил-аъмәл».

[9]«Сахиху Муслим».

[10]«Фадаил-аъмәл».

[11] «Шархүл-Их`йа»

[12]яғни, Құраннан.

[13]«Сунәнут-Тирмизи».

[14]аят – Құрандағы сөз немесе әріп жиынтығы. («Лисәнүл-Ъараб»)

[15]хатым – араб сөзі. Мағынасы: бітіру, тәмамдау, аяқтау. Осыған сай шариғатта Құранды бастан-аяқ оқып шығуды «Құранды хатым ету» деп айтады.

[16] хадисті Абдуллаһ ибн Ъамирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад, Имам Табарони, Имам Байһақи және Имам Әл-Хаким риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[17]«Фадаил-аъмәл».

[18]«Фадаил-аъмәл».

[19] пара – Құранның бір бөлімі. Құран отыз парадан, яғни отыз бөлімнен тұрады.

[20]«Фадаил-аъмәл».

[21]«Фадаил-аъмәл».

[22]«Фадаил-аъмәл».

[23]«Фадаил-аъмәл».

[24] қассас – Құран өзгертілмеуін, үкім Құранда айтылғанға сай шығарылуын қадағалайтын топ.

[25] «Их`йау ъулүмид-дин».

[26] «Китәбүл-Әзкәр».

[27] «Их`йау ъулүмид-дин».

[28] шамамен бес пара.

[29]«Фадаил-аъмәл».

[30]«Фадаил-аъмәл».

[31]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[32]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[33]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

 

Қасиетті Құран, біреулер түсінгендей, тек құдайы, жаназада оқылатын кітап емес. Құран – құлшылық заңы, тіршілік үрдісі.