Таң 03:26 Күн 05:05 Бесін 12:18 Екінті 17:11 Ақшам 19:22 Құптан 21:02

Көршіңізге жақсылық жасауға асығыңыз!

127 muftyat.kz

Көршіңізге жақсылық жасауға асығыңыз!

Көршіңізге жақсылық жасауға асық! Себебі көршің саған қандай баға берсе, сен сондайсың!

 

Бүгінгі сіздермен бірге атқаратын амалымыз көпшілік адамдар оның маңыздылығын ескермей, ғапылдықта жүрген сауапты іс – көршіге жақсылық жасау. Егер жаныңыздағы жапсарлас көршіңізбен жақсы қарым-қатынаста болсаңыз Алла тағаланың құзырында ұлы сыйға кенелеріңіз ақиқат.

Әлемдердің Раббысы Алла тағала Жебірейілді (ғ.с.) Мұхаммадқа (с.ғ.с.) жіберіп көршіге жақсылық жасауды өсиет еткізеді. Жебірейіл (ғ.с.) осы Алланың әмірін бірнеше мәрте келіп өсиет еткені соншалықты, ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Көршім мен дүниеден өткеннен кейін мирасқор болатын шығар деп ойладым», – дейді. Яғни, көршінің бір-біріне деген ақыларының соншалықты тапсырылғандығынан адам дүниеден өткеннен кейінгі әкесі, анасы, балаларының арасында мирас бөлінген сәтте көршілеріме де берілуі міндетті болғаны ма деп ойлағандығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде жеткізген.

Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі, 36-аятында: «Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді», – деп бұйырған.

Егер көрші өз көршісіне зұлымдық жасайтын болса, зұлымдық жасаушыға жәннат харам болады. Яғни, бір адам қабырғалас көршілерінің ақысына кіріп, зұлымдық жасағаны себепті жәһәннамға кіргізілуі мүмкін.

Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) яһуди көршісі болатын. Бір күні сол көршісінің баласы ауырып жатқандығы туралы хабар жеткен соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны зиярат етеді.

Жалпы, үш түрлі деңгейдегі көршілер болады. Біріншісі, жақын мүмін көршіңіз. Яғни, ағайыныңыз, туғаныңыз, ағаңыз секілді бауыр көрші. Олармен қарым-қатынасыңызда бір-бірлеріңізге деген үш түрлі міндеттеріңіз бар. Туысқандық, көршілік және мұсылмандық (дін бауырластығы). Ал, енді туысқан емес мұсылман көршіңіздің екі хаққы бар. Көршілік және мұсылмандық.

Ал мұсылман емес көршіңізбен де өтелетін араңызда бір хаққы бар. Ол – көршілік ақысы.

Бұрынғы ата-бабаларымыз хадиске амал етіп көршілерімен тамақтарын бөлісіп жүретін. Бүгін ондай жандар саусақпен санарлық қана. Бұл Рамазан айы, нағыз осындай амалдарды жандандырып, үздіксіз атқаратын сәт.

Мүмкін біреулер айтар: «Ой менің көршім өте бай, ауқатты. Менің тамағыма, сыйлығыма назар аудармайды», – деп. Десек те, оның байлығы сізді көршіңізге жақсылық жасап, азғантай сыйлық ұсынудан тыймауы керек. Мұның барлығы жүректерді бір-біріне байлау үшін қажет. Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадисте: «Егер сорпа тамақ пісіріп жатқан болсаң, суын көптеу құй да, көршілеріңе ұсын», – деген. Яғни, тамақ істеп жатқан сәтіңізде кішкене көбірек жасаңыз да, көршілеріңізді шақырыңыз немесе апарып беріңіз. Міне, көршіге жақсылық жасау осылай басталады.

Жәннат жанымызда жүр. Сол жәннаттан қол үзіп қалмайық. Көршіге жақсылық жасауды азсынбайық. Түнгі намазымызда, яғни тарауық намазынан кейін алақандарымызды жайып, қолымызды көкке көтеріп көршіміз үшін дұға жасап қоюды да ұмытпайық.

Алла тағала жақсылықтарыңызды арттырып, ені көктер мен жердей болатын жәннатты тағдыр етсін Сізге!