Таң 04:25 Күн 05:53 Бесін 12:24 Екінті 16:45 Ақшам 18:46 Құптан 20:15

Айналаңдағыларға қуаныш сыйла!

120 muftyat.kz

Айналаңдағыларға қуаныш сыйла!

Кейде біз бұл амалға бейқамдық танытамыз, кейде ұмытып кетеміз, тіпті бұл сауапты істі дінге қатысы жоқ деп те ойлауымыз мүмкін. Ол өте жеңіл амал, алайды Раббымыздың қасындағы сауабы өте зор.

Айналаңдағы адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау, оны қуандыру, оның көңіліне шаттық ұялату - Аллаға ең сүйікті амалдардан. Сахих әл-Жәмиғта келген хадисте пайғамбарымыз ﷺ былай деп айтады: «Аллаға ең сүйікті амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау».

Пайғамбарымыз ﷺ айтады: «Мұсылманға не кезіксе де, ол мейлі шаршау болсын, ұзақ ауру болсын, мазасыздану болсын, қайғы болсын, қолайсыздық болсын, тіпті, тікенектің шаншығаны болсын, Алла тағала ол үшін міндетті түрде күнәларының бірін кешіріп тастайды».

Алла елшісі ﷺ басқа бір хадисінде былай деген: «Кім мұсылман отбасынан болған үйге қуаныш кіргізсе Алла тағала одан риза болып, оның сыйын жәннәт қана қылады».

Мүмкін бір бауырымыз қарызға батқан шығар, сол қарызын өтеуге шамасы келмей жатқан шығар?! Мәселе дүниеде емес, мәселе бауырымызға қуаныш сыйлауда. Жеткізуші, ризық беруші Алла тағала емес пе? Бізден тек қана әрекет болса болды. Бәлкім, сол әрекетіміз арқылы Алла тағала қияметте біздің уайымымызды сейілтіп, қасіреттен арылтар. Пайғамбарымыздың ﷺ сөзімен айтар болсақ: «Кім мүміннің осы дүниеде бір қайғысын сейілтсе, Алла тағала оның қияметтегі қайғысын сейілтеді».

Бауырыңа көмегің тисе Алланың Өзі саған көмектесем деп тұр, және сол арқылы шексіз сауаптар мен мәңгілік нығметтерге бөлейді, сот күні қажетіңді өтейді. Хақ болған қуаныш бар алда, бүгін соған әрекет қылсаң ертең міндетті түрде қуанасың, ол қуаныш дүниедегі қуаныштай емес, ол қуаныш шынайы қуаныш, уақытша қаныш емес ол, мәңгілік қуаныш. Алла тағала Құранда:

   ﴿هَلْ جَزَاءُ الْإِحْسَانِ إِلَّا الْإِحْسَانُ﴾

« Жақсылықтың сыйлығы жақсылық қана»[1]

Көшеде болсын, жұмыста болсын, қоғамдық көлікте болсын, үйіңде болсын қай жерде болсын мұңайып отырған адамды көрсеңіз, оның қайғысын сейілтіп, жүрегіне қуаныш сыйлауға тырысыңыз. Әр күні бір адамның көңіліне шаттық ұялатсақ Алла тағаланың ең сүйікті амалын істеп жүргеніміз болғаны. Раббымыз ондай адамдарға:

﴿إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا﴾ 

«...амалды жақсылап істеген кісінің еңбегін жоймаймыз»[2], – деген.

 


 

[1] «әр-Рахман» сүресі, 60-аят

[2] «әл-Кәһф» сүресі, 29-аят